Білім

Оқушылар 3-ші тоқсанда қалай оқиды?

Солтүстікқазақстандық мектеп оқушылары 3-ші тоқсанда қалай оқиды? Бұл сұраққа бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жауап берді. Брифинг барысында аймақтың бас педагогы колледждердегі оқу процессіне де тоқталды.

Алдағы өзгерістерге тоқталмас бұрын 2-ші тоқсандағы жағдайды баян етейік. Қарашаның басы мен желтоқсанның соңы аралығында облыста 180-ге дейін контингенті бар 356 ауылдық шағын жинақты мектеп штаттық форматта жұмыс істеді. Оларда 22 мыңнан астам бала оқыды. Ал 121 білім ұясындағы 32 мың ұл-қыз сабаққа қашықтықтан қатысты. Бастауыш буынның жайын әңгімелейік. 2-ші тоқсанда ата-аналардың өтініші бойынша өңірде 19 мың шәкірт үшін 1 600-ге тарта кезекші сынып құрылды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Енді 3-ші тоқсанда штаттық форматта жұмыс істейтін мектептер саны 300 адам контингенті бар мектептердің штаттық режимге көшуіне байланысты 60-қа ұлғаяды. Бұл – 416 мектеп. Мектептер 34,5 мың оқушыны қамтиды немесе мектептердің – 87,2%. (2 тоқсан: 356 мектеп болды (74,6%). Оларда – 22 222 адам). 61 мектеп негізінен қала және аудан орталықтарының мектептері қашықтықтан жұмысын жалғастырады. Бұл – 14 663 оқушы. Өзгерістер 5, 9, 11-сынып оқушыларына қатысты болады. Атап айтқанда: 5, 9, 11-сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша кезекші сыныптарда оқитын болады. Осылайша, 19 779 оқушы үшін 1605 кезекші сыныптардың жұмыс істеуі жоспарлануда.

Басқарма басшысының сөзінше 5-ші сынып оқушылары бастауыш сынып шәкірттері сияқты оқиды. Ал 9 бен 11-ді тәмамдайтын жастар дүйсенбі мен сенбінің аралығында аралас форматта білім алады. Яғни, пәндердің 70 пайызы мектепте оқытылса, қалған 30 проценті қашықтықтан өтеді. Бүгінгі күні жоспарлы сабақ кестесі әзірленіп, оқу ұяларының басшыларына хабарланыпты.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қаңтардың 11-інен бастап арнайы, мамандандырылған мектеп-интернаттар және мектеп жанындағы интернаттар жұмыстарын бастайды. Ауылды жерлердегі 938 бала интернаттарда тұратын болады. Облыс орталығындағы коррекциялық мектеп-интернат жайлы да айта кету қажет. Мұндай мекемелерге ұл-қыздар арнайы анықтама арқылы қабылданады. Қалалық балалар мен мұғалімдер сабақтарға күнде келіп-кетеді. Тамақ беріледі. Ал қарапайым мектептердегі жандарды тамақтандыру мәселесі алдағы уақытта шешімін табады.

Оқу ұяларында санитарлық талаптар қатаң түрде сақталады. Әрбір мекемеде дезинфекциялық төсеніш, термометр, санитайзерлер болады, нысан іші желдетіліп тұрады және бетперде тағу міндеттеледі.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 2020-2021 оқу жылының алғашқы бөлігінде колледж студенттері қашықтықтан оқыды. Ал екінші семестрде мынандай өзгеріс орын алады: 1-ші курс шәкірттері аралас форматта және санитарлық талаптарды сақтай отыра штатты режимде оқытылады. Ережеге сәйкес, аудиториялардың толымдылығы 15 адамнан аспауы тиіс. Сонымен қатар, кабинеттерде 1,5 метрлік арақашықтық сақталуы және білім алушылар бетперде тағулары міндетті.

Ескерер жайт, кез келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы студенттерді штатты және қашықтықтан оқыту тәртібін өздігінше реттейді. Яғни, тиісті жоспарды ешкімнің араласуынсыз бекітеді. Аудиторияда өткізілетін бір сабақ 45 минуттан аспауы тиіс. Үзіліс 10 минутты құрайды. Осы уақыт ішінде кабинеттерге санитарлық өңдеу жүргізіледі. Брифинг соңында Гүлмира Кәрімова қазіргі таңда өңір колледждерінің барлығы 2-ші семестрге қызу дайындалып жатқанын тілге тиек етті.

Култанов Байболат