МТРА жаңалықтары

“Nur Otan” партиясы оңтүстіктен солтүстікке көшетін отбасыларға қолдау көрсетеді

“Nur Otan” партиясының сайлауалды штаб мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына келді. Нақтырақ айтсақ, нұротандықтар Қызылжар ауданына қарасты Чапаев селосында орналасқан «Қызылжар сүт» базасына ат басын бұрды. Олар мұнда өңір шаруаларымен бірге ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мәселелерді талқылады. Мақсат айқын: отандастырымызды қазақстандық азық-түлікпен толық қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін – 1,3, еңбек өнімділігін – 2,5 есеге және өңделген өнім үлесін 70%-ке арттыру қажет. Сонымен қатар, экспортты 2 есеге ұлғайту көзделген.

Геннадий Зенченко – ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Елбасы-ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аққайындар өлкесін “Менің іргетасым” деп атайды. Себебі, біздің өңір – аграрлы аймақ. Ұлт көшбасшысы солтүстікқазақстандық шаруаларға әрдайым қолдау көрсетеді.

Қазақстандықтардың 40%-дан астамы ауылда тұрады. Олардың әл-ауқатын арттыруды Нұрсұлтан Назарбаев еш уақытта ұмытқан емес. Бұл ретте Елбасының бастамасымен қабылданған «Ауыл – ел бесігі» жобасын айта кету қажет. Аталған бағдарлама аясында елімізде ауқымды жұмыс атқару жоспарланып отыр.

Бауыржан Байбек – “Nur Otan” партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Алдағы 5 жылда экономикаға 21 трлн теңге инвестиция құйылады. Бұл қомақты қаражатқа мың шақырымнан астам автожол салу және жөндеу көзделген. Тағы, 142 ауылдың 115 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ, әлеуметтік мұқтаж азаматтарға арнап 2,5 мың пәтер салу, жалпы 1,6 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру мақсат етілген.

Кейін, партия мүшелері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірімізге қоныс аударған отбасылармен кездесіп, олармен бірге Солтүстік Қазақстан облысының алдағы даму жоспарын талқылады.

Өңірлерде жас отбасыларды да баспанамен қамту бағдарламасы әзірленеді. Жұмыс орындары да ашылады. Нұротандықтардың сөзінше, елімізде жыл сайын 700 мыңдай адам еңбекпен қамтылмақ. Сайлауалды штаб өкілдері Петропавл қаласында да бірнеше кездесу өткізді. Мұнда бас партия өкілдері ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен тілдесті. Жүздесу барысында нұротандықтар барлық колледждер мен жоғары оқу орындарында, сондай-ақ, мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың 70%-ында инклюзивті білім беру жүйесін енгізуді қамтамасыз етеміз деп атап өтті.

Ешкенова Дана