МТРА жаңалықтары

Қазақстан халық партиясының атынан сайлауға өңірден 23 үміткер қатысады

Мемлекет қазақстандықтарға лайықты қарттық үшін кепілдік беруі керек. Бұл – Қазақстан халық партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бағыттардың бірі. Сондай-ақ, саяси ұйым мүшелері  бірқатар өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынып отыр.

2004 жылы құрылған Қазақстан коммунистік халық партиясы былтыр атауын өзгертті. Ұйым енді Қазақстанның халық партиясы деп аталады. Дәл осы жаңа атаумен биыл сайлауға қатысқалы отыр. Науқаналды ұрандары: “Халық, жер, әділдік”. Бағдарламалары қарапайым адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды көздейді.

Сергей Мартемьянов – “Қазақстан халық партиясы” ҚБ СҚОФ бірінші хатшысы:

 – Біздің партия бірінші кезекте мынадай мәселелерді қозғап отыр: Қазақстан дамуының жаңа негізі ретінде әлеуметтік мемлекет құру қажет. Екіншіден, экономикалық стратегияны өзгертіп, Үкімет жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету керек. Осы үш міндетті жүзеге асыру мақсатында 10 бастама әзірленген болатын.

Қазақстан халық партиясының бағдарламасында көрсетілген 10 басым бағыттың ішінде денсаулық сақтау мен білім берудің қолжетімділігі әрі сапасы, тұрғын үй мәселесі және ауыл шаруашылығы саласын дамыту қарастырылған. Сондай-ақ, егде жастағы адамдарға көп көңіл бөлу қажеттігі жазылыпты.

Сергей Мартемьянов – “Қазақстан халық партиясы” ҚБ СҚОФ бірінші хатшысы:

– Сайлауалды бағдарламада “Мемлекет қазақстандықтарға лайықты қарттық үшін кепілдік беруі керек” деген бөлім қарастырылған. Біз зейнет жасын жынысына қарамастан 60 жасқа дейін төмендетуді қолдаймыз. Сондай-ақ, 55 жастан асқан адамдардың жұмыс уақытын біртіндеп қысқартқан жөн сияқты. Бірақ, бұл олардың жалақыларына еш әсер етпеуі тиіс.

Партия өкілдері бүгінге дейін 10-ға жуық ауданға барып, сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп қайтқан. Қазақстан халық партиясының атынан саяси науқанға біздің өңірден 23 үміткер қатысуда. Оның 3-уі кандидатурасын Парламент Мәжілісіне ұсынған. Жалпы, ел бойынша аталған партияға 100 мыңнан астам адам мүшелік етеді екен.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана