МТРА жаңалықтары

“Ауыл” ХДП партиясы атынан сайлауға 36 жерлесіміз түседі

Жол жөндеу, елді мекендерге интернет тарту, жастарды жұмыспен қамту! “Ауыл” партиясы жедел арада осы мәселелерді шешуді көздейді. Сапалы білім беру де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл сұрақты біржақты ету үшін ұйым өкілдері “Ауылдан диплом алу үшін” бағдарламасын әзірлемекші. Жалпы, аталған партия атынан сайлауға 36 жерлесіміз түспекші.

“Әлеуметтік теңдік – әлеуетті қоғам”. Бұл “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды бағдарламасындағы бағыттардың бірі. Халық қалаулысы болуға ниет білдірген жандар 5 басымдықты арқау етіп отыр. Соның негізгілері: ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсарту, жас отбасыларға қолдау көрсету.

Темірғали Әбілмәжінов – «Ауыл» ХДП партиясы СҚОФ төрағасы:

– Ауылдағы өзекті проблемалардың бірі – ол, әрине, жол. Қазір көптеген жастар шалғай елді мекендерге сапалы жолдың жоқтығынан жұмысқа орналасқысы келмейді. Ауылда интернет те жоқтың қасы. Бұның бәрін шешу үшін баршаға ортақ кешенді бағдарлама әзірлеген жөн.

Елді мекендегі өзекті мәселелердің бірі – жастардың жұмыссыздығы. Осы орайда кандидаттар ауылдағы жас буынның білім грантын алып, қызметке тұруына мүмкіндік беретін “Ауылдан диплом алу үшін” бағдарламасын әзірлеуді көздеп отыр.

Темірғали Әбілмәжінов – «Ауыл» ХДП партиясы СҚОФ төрағасы:

– Ауылдағы ұл-қыздарға сапалы білім беру – басты назарда. Көбісі елді мекенде қаладағыдай оқытады деп айтады. Бірақ, бұл шындыққа жанаспайды. Бәрібір айырмашылық білінеді. Сол себепті, ауылға сапалы мамандарды жіберіп, шалғайдағы жастарға қолдау көрсетпекшіміз.

Жалпы, осы күнге дейін “Ауыл” партиясының жергілікті өкілдері бірнеше ауылға бас сұғып, кездесу өткізген.

 

 

Казиканова Алтынай