МТРА жаңалықтары

«ADAL» саяси партиясы атынан сайлауға 34 жерлесіміз қатысады

Тұрғындардың табысын арттыру, мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз етіп, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Бұл – «ADAL» саяси партиясының өкілдері  болашақта шешімін тапқысы келетін мәселелердің тізімі.

Студенттердің шәкіртақысы, ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін 60 мың теңге дейін көтеру. Бұны «ADAL» саяси партиясы атынан сайлауға қатысқалы отырған үміткерлер ұсынуда. Мәслихат пен мәжілісте халық қалаулысы болуға ниет білдірген жандардың сөзінше, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін дамуды ең алдымен өзімізден бастауымыз керек дейді.

Дмитрий Шледевиц – «ADAL» саяси партиясы» ҚБ СҚОФ төрағасы:

– Әлеуметтік проблемалар шешімін тапқан жағдайда ғана еліміз жаңа белестерді бағындыратын болады. Өзіміз армандағандай дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосыламыз. Ол үшін не істеу керек? Ең алдымен халықтың жағдайын жақсартуымыз қажет.

«ADAL» партиясы өкілдері, әсіресе, кәсіпкерлерді қолдауды күшейту керектігін айтты. Жас бизнес өкілдеріне көмектесу арқылы бірнеше мәселенің шешімін табуға болады екен. Мәселен, жұмыссыздар екі қолға бір күрекпен қамтылады, студенттер тәжірибе жинақтайды әрі ең бастысы жаңа зауыттар көптеп ашылатын болады.

Дмитрий Шледевиц – «ADAL» саяси партиясы» ҚБ СҚОФ төрағасы:

– Сондай-ақ, әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері мен 7 балалы аналарға баспананы тегін ұсыну керек. Тұрғын үй құнының 20%- ына ипотекалық сертификат берілсе екен.

Адалдықтар білім, медицина және құрылыс саласына қатысты мәселелерді де талқылады.

 

 

 

Маржан Касымбек