Ауа райы

Қаңтардағы ауа райы

Енді ауа райына кезек берсек. Қыстың екінші айы қытымыр мінез көрсетуде. Соңғы 10 күннен бері сынап бағанасы -25 градустан көтерілмей тұр.

Сиыр жылының есік қағып келгеніне тура 6 күн болды. Қаңтардың алғашқы жұлдызынан бері өңірімізде солтүстіктің нағыз суығы сақталып тұр. Алғашқы күндері сарышұнақ аяз бет қарыса, кешеден бері сүйектен өтетін жел соғуда. Дәл осындай ауа райы қашанға дейін сақталады? Синоптик маманның пікіріне кезек берейік.

Файруза Билалова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Бірінші онкүндіктің екінші жартысында ауа тепературасы түнде -22-27, кей жерлерде -30 градус аяздан -30-35-ке дейін жетеді. Кей жерде -38 градусқа дейін төмендейді.

Ал 10-ынан кейін күн шуағын молынан шашып, аяздың сәл беті қайтады. Қазгидромет өкілдерінің сөзінше, орташа айлық температура -10-15 градус болмақ. Қаңтардың ортасына қарай өңірімізде қар жауады деп күтілуде. Бірақ, бұл уақытта да қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Себебі, 15-і мен 20-сы аралығында сынап бағанасы -30-ға дейін төмендейді.

Файруза Билалова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде -16-21, кей жерлерде -26 градусты құрайды. Күндіз -10-15 болады. Одан кейін ауа температурасы түнде -28-33, кей жерлерде -38 градусқа жетеді.

Айта кеткен жөн, алдағы 4 күнде жел күшеюі мүмкін. Облыстың кей аудандарында желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетпек.

 

 

 

 

Маржан Касымбек