Қоғам

7 қаңтар – православтардың Рождество Христово мейрамы

7 қаңтар – Рождество мерекесі. Бұл – православ сеніміндегі христиандардың  басты мейрамдарының бірі болып саналады. Бұл күн  Иисус Христостың дүниеге келу құрметіне орай аталып өтіледі. Православ жұртшылығы бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, құдайға құлшылық етеді.

Бүгін қаңтардың 6-шы жұлдызы. Демек, түнгі 12-ден кейін православ сеніміндегі жандар үшін Рождество мерекесі басталады. Теріскей өңірінің христиан жұртшылығы дәстүрлі жоралғыларды іске асыру мақсатында таңнан тұрып, қаладағы «Вознесения Господня» шіркеуіне жиналды. Олар шырақ жағып, құдайға құлшылық етіп, басқа да діни амалдарды орындады.

– Мен өзім 82 жастамын. Осы уақытқа дейін өмірімде бірталай келеңсіз жайттар орын алды. Бірақ, ол кездері мені құдай сақтап, маған көмектесті. Құдайға сеніп, ешкімге жамандық жасамау керек. Сонда адам шынымен де бақытты болады.

– Рождество – адамдардың жанына тыныштық сыйлайтын мереке. Бұл күні ерекше бақытты сезімге бөленіп, өзіңді басқаша сезінесің.

Бұл түнде Рождество алдындағы ауыз бекіту аяқталып, дәстүрлі тағамдарға толы мерекелік дастархан жайылады. Сондай-ақ, жанұя мүшелері бір-біріне сыйлықтар тарту етіп, жылы лебіздерін білдіреді. Мейрамда барлық тілектер орындалып, ғажайыптың болатынына солтүстікқазақстандық православтар нық сенімде.

– Шіркеудің іші мереке күндері әдемі кейіпке енеді. Мұнда келгенде ішкі дүниең тазарады. Мейрам қарсаңында барша жұртқа денсаулық, елімізге тыныштық тілегім келеді.

– Рождество – ғажайыптар болатын мереке. Мен барлық дұғаларымның қабыл болатынына сенімдімін.

Бұл күні алдыңғы жылдары тұрғындар шіркеуге барып, Сочельник мерекесін түнге дейін атап өтіп, Рождествоны қарсы алатын. Ал биыл елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мұнда көп адамның жиналуына тыйым салынған.

Антоний Чуриков – «Вознесения Господня» шіркеуінің клиригі:

– Рождество мерекесі биыл жылдағыдан ерекше өтпек. Мұнда келген жандар арақашықтықты сақтап, міндетті түрде медициналық бетпердемен болулары керек. Сондай-ақ, діни амалдарды өткізуге арналған жабдықтар дезинфекцияланып отыратын болады.

Православ жұрты үшін мейрам қаңтардың 19-ы өтетін Крещение мерекесімен жалғасады.

 

 

Казиканова Алтынай