Құқық қорғау органдары

Жаңа жылдық демалыс күндері Петропавлда 76 құқық бұзушылық тіркелді

Жаңа жылдық демалыс күндері Петропавлда 76 құқық бұзушылық тіркелді! Полиция қызметкерлеріне көбінесе  тұрмыстық дау-дамайларға қатысты қоңыраулар түскен. Сиыр жылының алғашқы күндері облыста 2 жол-көлік апаты болды. Бірнеше адам жарақат алған.

Мереке күндері облыс аумағындағы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға 500-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Мамандардың бір бөлігі Петропавлда тер төкті. Облыс орталығында Жаңа жыл түнінде 200-ден астам құқық қорғаушы еңбек еткен. Нәтижесінде бірнеше тәртіп бұзушылық фактісі тіркеліп отыр.

Қанат Қасенов – қалалық ПБ жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:

– Азаматтардан «102» жедел арнасына 1600-ден артық қоңырау келіп түсті. Оның 366 фактісі бойынша полиция қызметкерлерінің көмегі қажет болды. Бейнебақылау камераларының көмегімен осы күндері 76 әкімшілік құқық бұзушылық әшкереленді.

2021 жылдың алғашқы 4 күні ішінде облыс жолдарында 2 жол-көлік апаты тіркелді. Салдарынан 3 адам жарақат алған.

Казиканова Алтынай