Денсаулық сақтау

СҚО-да демалыс күндері 167 адам медициналық көмекке жүгінген

Мерекелік демалыс күндері Петропавлдағы №3-ші көпбейінді қалалық аурухананың жарақат зардабын емдеу пунктіне 167 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 12-сі ауруханаға жатқызылыпты. Зардап шеккендердің кейбірін үсік шалған екен.

Қатты аяздың құрбаны болғандардың 90%-ы – тұрақты мекен-жайы жоқ адамдар. Сондай-ақ, дәрігер қабылдауына келгендердің кейбірі ішімдік ішіп, далада қалған көрінеді. Мекеме өкілдерінің сөзінше, тұрғындардың саусақтары, аяқ-қолдарының жоғарғы және төменгі бөліктері зақымдалған. Осыған байланысты жергілікті мамандар қысқы уақытта қалың киініп, барынша абай болуға шақырады.

Вали Бедешев – №3 көпбейінді қалалық аурухананың травматолог-ортопед маманы:

– Зардап шеккендердің 75-і – көшеде құлап, жарақат алғандар. Ал, жеті адамды үсік шалған. Олардың 5-еуі жарақат зардабын емдеу пунктіне, біреуі жан сақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда науқастарда тиісті ем-дом шаралары көрсетіліп жатыр.

 

Казиканова Алтынай