Әр түрлі

Петропавлда мереке күндері 50 сәби дүниеге келді

Іңгәлаған сәби үні естілді! Қаңтардың 1-і мен 5-сі аралығында облыстық перинаталдық орталықта 50 нәресте дүниеге келді. 4 шақалақ Жаңа жылдың алғашқы тәулігінде туылды. Аналар мен шыр етіп өмір есігін ашқан балалардың жағдайы жақсы.

2021 жылдың 4 қаңтары. Бұл – жерлесіміз Юлия Конакова үшін ерекше дата. Себебі, дәл осы күні 37 жастағы нәзікжанды көптен күткен тұңғышын дүниеге әкелді. Өмірге шекесі торсықтай ұл келді. Есімін жолдасы екеуі Данил деп қойыпты. Нәрестенің туылған кездегі салмағы – 4 келі, ал бойы 56 сантиметрді құраған екен.

Юлия Конакова – қала тұрғыны:

– Жаңа жыл біздің отбасымыз үшін өте қуанышты жаңалықпен басталды. Өмірге ұл әкелдім. Баламды кеше көрдім, құшағыма алдым. Осы сәтте көз жасыма ерік бердім. Және дәл осы сәттен жанұямыз үшін өмірдің жаңа кезеңі басталғанын ұғындым. Облыстық перинаталдық орталықтың мамандарына шексіз алғысымды білдіремін. Қызметкерлер мерекеге қарамай өз міндеттерін абыроймен атқаруда.

Мереке күндері Юлия Конаковадан бөлек, облыстық перинаталдық орталықта тағы 49 нәзікжанды босанған. Дәрігерлердің сөзінше, аналар мен нәрестелердің жағдайы жақсы. Статистикаға толығырақ тоқталайық. Сиыр жылының алғашқы тәулігінде Петропавлда 4 сәби шыр етіп дүние есігін ашқан. Оның 2-еуі – ұл, 2-еуі – қыз. Алғашқы шақалақ түнгі 12-ден 50 минут кеткенде туылған екен.

Айман Сұлтанбаева – облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:

– Жаңа жылда бірінші болып ұл туды. Шақалақтың салмағы 2 келі 800 грамды құрады. Аналар мен сәбилердің жағдайы жақсы. Барлығы үйлеріне жіберілді. Мереке күндері біз әдеттегі режимде жұмыс жасадық.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр облыстық перинаталдық орталықта желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні 3 сәби өмірге келген.

 

 

 

Ешкенова Дана