МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар қала тұрғындарымен кездесті

Бұл – Гоголь көшесі. Халық қалаулылары демалыс күндері жергілікті тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.

Жиналған халық кандидаттардың әрқайсысын жіті тыңдады. Кейін өз мәселелерін де алға тартты. Көбінің тілегі бір. Ауладағы тротуарларды кеңейтіп, автотұрақ пен балалар алаңқайын салу. Сондай-ақ, жаңа асфальт төсеп, шіріген ағаштарды кесіп тастау қажет дейді.

Бауыржан Абдрахманов – қала тұрғыны:

– Бүгінде қаладағы көптеген аулалар абаттандырылып жатыр. Оны жаңалықтардан көреміз. Дегенмен, біздің ауламызға әлі де кезек жетпеген көрінеді. Себебі, көктем, жаз айларында жаңбыр жауса болды, тізеден су, тобықтан саз кешеміз. Бұл бір мәселе. Енді шіріген ағаштарды айтатын болсақ, қатты жел соқанда еменнің бұтақтары сынып, жерге құлайды. Бұл адам өміріне қауіпті. Осы мәселелерді өз қарауларыңызға алуды сұраймыз.

Кандидаттар кездесуде көтерілген барлық түйткілдерді өздеріне түртіп алып, алдағы уақытта шешімін табуға септесеміз деді.

Есжан Оразалин – ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Халық көтерген мәселелерді жауапты басқармаларға жеткіземіз. Олар алдағы уақытта шешіледі деген ойдамын. Ол үшін барлық жағдай жасалады. Жалпы, біздің сайлауалды бағдарламамыз халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Жалпы, нұротандықтардың сайлауалды бағдарламасында Петропавл қаласын дамыту бойынша алдағы 5 жылға жоспар құрылған болатын. Онда шаһардағы аулаларды абаттандыру жұмыстары да ескерілген.

 

Ешкенова Дана