МТРА жаңалықтары

Былтыр өңірдегі сот отырыстарының 70%-ы онлайн өткен

Солтүстік Қазақстан облысындағы соттарда былтыр 29 мың сот отырысы өткен екен. Оның 70%-ы онлайн форматта ұйымдастырылыпты.

2020 жылдың көктемінде коронавирусқа қатысты жарияланған төтенше жағдайға байланысты еліміздің сот жүйесі онлайн режимге көшірілген болатын. Тек жабық сот отырыстары ғана бұрынғы қалпында өтеді. Өзге жағдайда тараптармен фемида өкілдері “TrueConf” порталы мен “WhatsApp” мессенджері арқылы бейнебайланысқа шығады. Жалпы, өңірдің сот жүйесінде 100-ге тарта судья қызмет етеді. Әрқайсысы күніне кем дегенде 5 отырысын өткізеді екен. Айтуларынша, сот отырыстарының саны былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 2 есеге артқан. Дені – азаматтық істер.

Динара Төлеңгітова – СҚО бойынша соттар әкімшісінің бөлім басшысы:

– 2020 жылы облыстық сотта барлығы 20 мыңнан астам сот отырысы онлайн форматта өткізілді. Бұл – жалпы санның шамамен 70%-ы. Жұмыстың аталған форматы процеске қатысушылардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, азаматтардың сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын жүзеге асырады.  

Бисенова Жанна