МТРА жаңалықтары

Журналист болу – арманым

Журналист болу – арманым. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында редакцияға біздің кішкентай көрерменіміз келіп кетті. Владислав Тюрин есімді балақай / арнамыздың жаңалықтарын үзбей қарайды. Ол болашақта тілші болғысы келеді екен. Және телеарнада болып, іштегі жағдаймен шынайы танысуды армандапты. Жеткіншектің арманы орындалды. 

Анатолий Тюрин – Боголюбово селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Сіздер өскелең ұрпаққа мамандық таңдауға көмектесесіздер. Ал аға буын өкілдері болса, арналарыңыздан мемлекет тарапынан көресетіліп жатқан қолдаулар жайлы біліп отырады. Сондай-ақ, сіздер қоғамды патриот болуға баулисыздар.

Анатолий Тюрин арнамызды ашылған күннен, яғни, 23 жылдан бері үзбей қарайды. Осы уақыттың ішінде Муниципалдық телеарнадағы көп өзгеріске куә болдым дейді. Түрлі бағдарламаларды, бізде қызмет еткен тілшілердің бәрін ол жатқа біледі. Жалғыз ол ғана емес, жаңалық жаршыларын түгел жанұясы таниды.

Анатолий Тюрин – Боголюбово селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Мен жаңалық қарағанды бала кезімнен ұнататынмын. Ақпарат арқылы біз өзіміздің тарихымызды біліп, елде орын алып жатқан жағдайлармен танысамыз. Ата-анам берген тәрбиені қазір балаларымның да бойына сіңіріп жатырмын. Балаларым Муниципалдық телеарнаның жаңалықтарын сүйіп тыңдайды.

Отбасындағы ең кішкентай көрермен – 11 жастағы Владислав. Балақай спорт әлеміндегі жаңалықтарды қарағанды ұнатады. Өзі киберспортпен әуестенеді. Оның ютубта жеке каналы да бар. Жеткіншек өскенде журналист болуды армандайды. Бүгін біз сол арманның орындалуына шамалы болсын септігімізді тигіздік. Жеткіншекті телеарнаға қонаққа шақырып, ұжыммен таныстырдық.

Владислав өзі компьютерлік ойындарға шолу жасап, жазған видеоларын ютубқа жүктейтіндіктен, монтаж кабинеті балақайдың таңданысын туғызды. Мұнда өз ісінің нағыз шеберлері отырады. Олар аудиожазбаны бейнемен жабады, материалға ерекше сән береді.

Владислав Тюрин – Боголюбово селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бұрын мен видеоларды телефонмен монтаждайтынмын. Ал қазір оны компьютердегі бағдарламамен жасаймын. Сәйкесінше, роликтердің сапасы алдындағыларға қарағанда жақсарып, ютубтағы көрермендерімнің саны артты. Бүгінде менің парақшама 60 адам жазылған. Жаңа жылдан кейін олардың санын 100-ден асады деген ойдамын.

Владислав тілшілермен де танысты, аудиожазба бөлмесін де көрді. Жаңалықтар жүргізілетін, бағдарлама түсірілетін студияға бас сұқты. Мұның барлығын ол арнамыздың 20 жылдық мерейтойына орай журналистер әзірлеген сюжеттен көріп, қызығушылығы оянған екен. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отыра Владислав солтүстікқазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтады.

Владислав Тюрин – Боголюбово селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Барлық солтүстікқазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Өз армандарыңызға сеніңіздер. Сонда ол міндетті түрде орындалады.

Владислав пен әкесі арна тілшілеріне шексіз алғысын білдірді. “Арманымның бірі орындалды”,- дейді балақай. Ол алдағы уақытта да тынымсыз еңбек етіп, білім алып, болашақта біздің арнамызда қызмет еткісі келеді.

Бердимурат Баймухан