МТРА жаңалықтары

Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын жандар

Антына адал жандар! Олар үшін бірінші кезекте – мереке емес, халықтың амандығы. Өздеріңіз біліп те отырған шығарсыздар, келесі бейнематериалымызды Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын адамдарға арнаймыз.

 

Жаңа жыл – отбасында тойланатын мереке. Алайда, кейбір жерлестеріміз дәл мейрам күні жұмыста болады. Олар: дәрігерлер, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар. Статистикаға сүйенсек, аталған мамандық иелеріне артылған жүктеме мереке күндері екі есеге артады екен.

Бұл – облыстық полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы. Мұнда 20-дан астам қызметкер жұмыс істейді. Алдағы Жаңа жыл кешінде олардың 7-еуі кезекшілік атқармақ. Солардың бірі – аға инспектор Әділ Әбілов. Маманның міндеті – түскен қоңырауларға жауап беру, қажеттілік туындаса әріптестерін оқиға орнына жіберу.

Әділ Әбілов – СҚО ПД кезекші бөлімінің аға инспекторы:

– Бұл қызметте жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Осымен 2-ші рет жаңажылдық мерекеде кезекшілікке шыққалы жатырмын. Алғашқы кезекшілігімде бәрі тиыш өткен болатын. Әрине, Жаңа жылды отбасымен бірге тойлау керек. Бірақ, қаламыздың тыныштығын қадағалау – біз үшін 1-ші орында.

Келесі мекеме – облыстық төтенше жағдайлар департаменті. Мұнда құтқару бөлімшесі бар. Бұл жерде 50-ден астам маман жұмыс істесе, Жаңа жыл мерекесінде 5 адам тер төкпек.

Виктор Держанский – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің бастығы:

– Көбінесе Жаңа жыл қарсанында қоңыраулар аз болады. Ал Жаңа жылды қарсы алғаннан кейін, бізден көмек сұраған адамдардың саны бірнеше есеге артады. Себебі, көпшілік қауіпсіздік ережелерін естен шығарып, түрлі оқиғаларға тап болады. Жерлестерімізді мейрамда да, жай күндері де барынша сақ болуға шақырамыз!

Полицейлер, құтқарушылармен бірге, медицина қызметкерлері де мерекеде тынымсыз еңбек етеді.

Пандемия кезінде жедел медициналық көмек көрсету орталығындағы мамандарға тыным жоқ. 12 жылдық еңбек өтілі бар фельдшер Қуаныш Ахметов дәл мерекеде 3-4 рет кезекшілік атқарып үлгерген.

Қуаныш Ахметов – Облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы желілік бригадасының фельдшері:


–  Жаңа жылдарда шақырыстар саны көбейеді, оған себеп – адамдардың жарақат алуы, ащы суды асыра ішуі. Жаңажылдық жарылғыш заттар мен фейерверктердің кесірінен де адамдар түрлі дене жарақаттарын алып жатады.

Дәрігерлер, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар. Маман иелерінің қазіргі кезде жасап жатқан еңбектері ерен. Бұл қызметкерлер мерекеге қарамастан қаламыздың тыныштығы мен жерлестерімздің денсаулығын бірінші орынға қойып отыр.

Алдияр Айтпаев