МТРА жаңалықтары

Жаңа жылда қандай сыйлық сыйлауға болады

Жаңа жылды түрлі түсті сыйлықтарсыз елестету мүмкін емес. Мерекелік тартулар әр адамның, әсіресе балалардың жанын жадыратады, сиқырға толы мерекені сездіреді. Мейрамға жерлестеріміз қалай дайындалған екен? Әріптесім Жанна Бисенова тұрғындармен тілдесіп, сұрастырып қайтты.

Жаңа жыл дегенде ойымызға ең алдымен не келеді? Әрине, жаңажылдық сыйлықтар. Бұл мерекені көбіне балалар тағатсыздана күтеді. Ал солтүстікқазақстандықтар ұл-қыздарына қандай базарлық әзірлеп жатыр екен?

–  Біз естелік сыйлықтар алып қойдық. Енді мынадай тәтті сыйлықтарды алып жатырмыз.

– Балам Жаңа жылға ойыншық көлік сұрады. Қазір соны іздеп жатырмын. Қуанышыма орай, дүкенде іздеген тауардың түр-түрі бар екен.

Түр-түрі бар, бағасы алуан түрлі. Аралап жүріп талғамыңыз бен қалтаңызға қарай базарлықтың үлкенін де, кішісін де таба аласыз. Биыл тұрғындар көбінесе қандай тартуға таңдау жасап жатыр екен? Ойыңызға бірден Жаңа жылдың символына қатысты кәдесый келген шығар. Дүкеншілердің сөзінше, мереке қарсаңында кәдесыйға емес, LEGO конструкторлары мен LOL қуыршақтарына сұраныс артқан.

Светлана Семинулина – сатушы:

– Мына бір конструктор 300-ден астам бөлшектен тұрады. Оны құрастыру кезінде баланың қол моторикасы мен ойлау қабілеті дами түседі. Бұл – сыйлықтың пайдалы тұсы. Бөлшектерден жиналған дүниені базарлық ретінде үстелдің үстіне де қоюға болады. Ол балалардың бөлмесі ерекше сән береді. Ал кішкентай қыздар мынадай LOL қуыршақтарын жақсы көреді.

Ал азаматшаларға не сыйлауға болады? Әйелдер қауымының жан дүниесі нәзік болғандықтан, оларды ұсақ тартулармен де, бағалы сыйлықтармен де қуанта аласыз. Сондықтан, таңдау өздеріңізде. Бұл ретте сауда саласында 20 жылдан астам еңбек ететін Марина Головинаның кеңесіне құлақ түріп көрелік.

Марина Головина – сатушы:

– Әйел минимализмді жақсы көрсе, оған қарапайым сырға алған жөн. Дөңгелек келген сырға да беруге болады. Ал трендке сай сыйлық жасағыңыз келсе, ұзын және шынжыр зергерлік бұйым алсаңыз, қателеспейсіз. Мұндай дүниенің бағасы 400 теңгеден басталады. Ал аналарға түрлі тастардан жасалынған моншақтарды тарту ету қажет. Оның құны 2 мың теңгеден басталады.

Ал ерлер қауыма не алуға болады? Бұл сұрақ нәзікжандылардың көпшілігін алаңдататыны сөзсіз. Осы орайда ер азаматтармен тілдесіп, қандай сыйлық қалайтынын білдік.

–  Мен мерекеде сағат алғым келеді.

– Қолдан жасалған дүниеге қуанышты болар едім.

– Жақындарым автокөлігімнің салонына қысқы тысқап сыйға тартса, қатты қуанар едім.

Сыйлық жайлы айттық, таңдауға көмектесуге тырыстық. Енді кәдесыйды безендіруге тоқталайық. Бұл – бір қарағанда қарапайым шаруа болып көрінгенімен, өте маңызды іс. Өйткені, адам қиялына ерік беріп базарлықты сәнді қаптаса, сыйлық алушы кісіге соғұрлым ерекше эмоция сыйлайды.

Екатерина Полицына – сатушы:

– Мына қорапшаны бірге безендірейік. Алдымен қораптың ішін түрлі қағаз қиындыларымен толтырамыз. Кейін термос, блокнот пен ашық хат саламыз. Әрине, адам не салғысы келсе, соны сала алады. Ол өзіңіздің қиялыңызға байланысты. Ең соңында қораптың сыртын бантпен немесе әдемі қаптамамен орау қажет.

Жаңа жыл мерекесінде сыйлығыңызбен қоса, дастарханыңыз да берекелі болған жөн. Көбінесе, ас мәзірі мейрамның нышанына байланысты әзірленеді. Мәселен, маймыл жылында үстелге банан, ал тышқан жылында ірімшіктің түр-түрі қойылады. 2021 – сиыр жылы. Қазір мерекелік кешке жерлестеріміз қандай тағам жасауды жоспарлап отыр екен?

–  Көкөністер мен қуырылған тауық етін әзірлеймін.

– Жаңажылдық дастарханға дәстүрлі бесбармақ тағамын қоямын. Тағы үстелде міндетті түрде “Оливье” салаты мен мандариндер болады.

Құрметті көрермен, қандай сыйлық алсаңыздар да, қандай тағам жасасаңыздар да, ең бастысы көңіл екенін ұмытпаңыздар. Жаңа жыл баршаларыңызға жақсылық әкелсін!

Бисенова Жанна