МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар зауыттағы қызметкерлермен жүздесті

99-шы жылы жұмысын бастаған көппрофильді жабдықтар зауыты –
Петропавлдағы ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда пайдалы қазбаларды өндіруге арналған бұрғылау жабдықтары шығарылады. Мұнай-газ, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына қажет қондырғылар да жасалады. Зауытта 200-ден астам жұмысшы еңбек етеді.

Қалалық және облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткерлер зауыт ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламадағы басымдықтарды баяндады.

Арман Бердағұлов – қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

 

– Кездесу барысында партияның бағдарламасы таныстырылды. 5 жылда біздің партиямызға қандай міндеттер мен мақсаттар қойылғаны жайлы сөз болды. Биыл біздің өңірде арнайы экономикалық аймақ ашылды. Оның ішінде 4 субэкономикалық зона бар. Оның қандай қызметі, не үшін құрылғаны жайлы зауыт жұмысшыларына айттық.

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасында Петропавл қаласын дамыту тетіктері көрсетілген. Барлығы – 7 бағыт. Соның бірі – экономикалық тұрақты қала құру.
Аталған мақсат-міндетті жүзеге асыру аясында халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау межеленіп отыр.

Алла Писаренко – қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

 

– Бүгінгі таңда партия мемлекетпен бірлесіп өңірде экономиканы дамыту мақсатында ауқымды жұмыс атқаруда. Биылдың өзінде Петропавлда ірі зауыттар ашылып, жұмыс орындары пайда болды. Бұл іс келесі жылы да жалғасын табады.

Нұротандықтар нұсқаған бағыттар жүзеге асқан жағдайда 2025 жылға қарай өңірде 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, өңірдегі орташа айлық жалақы 25 пайызға артпақ.

Ешкенова Дана