Қоғам

“Шаңырақ” пилоттық жобасының іске асырылуы

Қаңтар айында қалада “Жас Өркен” ықшам ауданындағы 18 қабатты баспана қолданысқа тапсырылады. 108 пәтер “Бақытты отбасы” және «Шаңырақ» пилоттық жобалары аясында үлестіріледі. Өтініштер үй кезегінде тұрған “Отбасы Банк” салымшыларынан қабылданады.

Жас Өркен ықшам ауданындағы мына 18 қабатты үйдің құрылысы 2018 жылы басталған болатын. Бүгінде шаруаның 90 пайыздан астамы тындырылған. Мамандардың сөзінше баспанаға қазір инженерлік желілер тартылып жатыр. Шаруа толыққанды аяқталған соң 108 пәтерлі баспана халық игілігіне тапсырылады.

Айдар Қуандықов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бүгінде пәтерлерді үлестіру механизмі жөнінде қалалық әкімдік пен “Отбасы банк” арасында келісім шарт жасалды. Тұрғындар баспаналарға “Шаңырақ” және “Бақытты отбасы” бағдарламалары аясында қол жеткізе алады. Ондағы 1 шаршы метр 160 мың теңгеден бағалануда.

Сонымен, жоба арқылы пәтерге 1986 мен 2020 жылдардың аралығында кезекке тұрған солтүстікқазақстандықтар қол жеткізе алады. Яғни бұл ретте азаматтардың баспана алуға өтініш берген уақыты ескеріледі.

Арман Сугралин – “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің басшысы:

– Өтініштер үй кезегіне кезегінде тұрған банк салымшыларынан қабылданады. Қатысушылар баспана құнының 10 пайызын жинаған жағдайда ипотеканы рәсімдеуге болады. Айта кетейін, қатысуға өтінім беру baspana.kz сайтында жүзеге асырылады. Өтінім берудің күні мен уақыты берілген балл санына және үміткерлердің рейтингісіне әсер етпейді.

Сондай-ақ, Жаңа баспанаға алуға үмітті жандар ипотеканы төлей алатынын дәлелдеу үшін жартыжылдық табысын растауы қажет. Отбасының бір мүшесінің ай сайынғы кіріс мөлшері 126 мың 917 теңгеден аспауы тиіс. Жалпы, биыл “Шаңырақ” пилоттық жобасы аясында кезекте тұрған азаматтардан 7 млрд теңгеден астам сомаға 663 несиелік өтінім қабылданған. Осы орайда айта кетейік, үстіміздегі жылы “Отбасы Банк”-тің жергілікті филиалы 12 млрд теңге көлемінде 1731 несие рәсімдеген екен.

Ешкенова Дана