МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы темір жол вокзалы жаңғыртудан өтті

Бүгін Петропавлдағы қайта жаңғырған темір жол вокзалының ашылу салтанаты өтті. Ғимараттың ішіне эскалаторлар мен лифтілер орнатылып, бірнеше қызметтер автоматтандырылған екен. Сондай-ақ, нысанның аумағы кеңейтілген.

Темір жол вокзалының іші-сырты адам танымастай өзгерген. 3 жыл бойы жүргізілген күрделі жөндеу келген жанды таңқалдырмай қоймайды. Бүгінде мұнда кассаға кезекке тұру, жүктерді сақтау сынды қызметтердің барлығы автоматтандырылған.

Астыңғы қабатта сервис орталығы, медициналық пункт пен демалыс бөлмелері орналасқан. Құрылысшылар ғимараттың ішін барынша заманауи әрі кең етіп жасауға тырысыпты. Солтүстікқазақстандықтар асыға күткен жаңашылдық, ол – эскалатордың орнатылуы. Енді аймақ тұрғындары мен қонақтары үстіңгі қабаттарға еш қиындықсыз көтеріліп, түсе алады.

Анатолий Храмцов – «РТЖ» ААҚ филиалы Оңтүстік-Орал темір жолының бастығы:

– Бұған дейінгі қарбалас уақыттарда вокзал күніне 2 мың адамға қызмет көрсететін. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 4 мыңнан асып отыр. Ал жылына осы темір жол вокзалы арқылы 500 мыңнан астам адам қатынайтын болады.

3-ші қабаттағы күту залының да аумағы едәуір кеңейген. Қазір оның аумағы 800 шаршы метрді құрайды және мұнда 600-дей адам оп-оңай жайғаса алады. Сондай-ақ, платформаға шығатын алаңнан пойызға жету де оңтайландырылды. Ортада жолаушылардың көтеріліп-түсулеріне арналған лифт орнатылыпты. Жаңғыртылған теміржолдың ашылу салтанатына аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қатысып, шаруаға ат салысқан жандарға алғысын айтты және келе жатқан мерекемен құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 1966 жылдан бері бұл теміржол вокзалы ауқымды жөндеу жұмыстарын көрген емес. Әріптестерімізге рақмет. Ғимараттың іші өте ыңғайлы, жақсы.

Сондай-ақ, жергілікті билік тарапынан биыл вокзалдың аумағы абаттандырылды. Жолдар жөнделіп, жасыл желектер бой көтерді. “Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады”,- деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бисенова Жанна