Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі 2020 жылдағы өңір жетістіктерін қорытындылады

Бюджеттің 50 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады. Яғни, келер жылы білім, денсаулық, мәдениет, спорт пен жол, су және интернет тартуға 165 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов әкімдік отырысында айтты. Жиында өңірдің 2020 жылы жеткен жетістіктеріне де шолу жасалды.

Қаңтар мен қараша аралығында 764 млрд теңге пайда. Бұл 2019 жылдың 12 айымен салыстырғанның өзінде 152 млрд-қа көп. Нәтиже республикалық көрсеткішпен салыстырғанда да кеуде қағарлықтай. Өңір жалпы ішкі өнім көлемі бойынша – 2-ші, аграрлы салаға құйылған инвестиция бойынша 1-ші орынға жайғасты. Диқандар 4,5 млн тонна астық жинады. 11 сүт-тауарлы ферманың құрылысы басталып, 5-уі қолданысқа тапсырылды. Жиналатын ақты өңдеп, қаймақ, ірімшік пен сүзбе жасайтын кәсіпорындар да қуаттылықтарын арттырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мал шаруашылығы да өңірде кенжелеп жатқан жоқ. Қызылжар ауданындағы бордақылау алаңы жұмысын бастады, ал Уәлиханов пен Ақжардағы 13 мың басқа арналған мал семіртетін орындардың құрылысы жалғасуда. Жалпы, биыл Еуропа елдерінен барлығы 2800 сүтті және етті бағыттағы асылтұқымды ірі қара жеткізілді.

Пандемия барлық салаларды дүр сілкіндірді. Кейбір бизнес субъектілері жұмысын тоқтатты, дағдарысқа ұшырады. Алайда, өңірдегі іргелі кәсіпорындар карантин қиындықтарына мойынсұнбады. Керісінше, машина жасау зауыттарының тапсырысы екі есеге артып, сәйкесінше екі есе көп пайдаға кенелді.

Бүгінде өндіріс саласы жалпы ішкі өнімнің 12,7 пайызын құрайды. Бұл әлі де аз. Себебі, мақсат – аграрлы аймақтан, аграрлы-индустриалды аймаққа айналу.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мақсатқа жету үшін 2025-ке дейін өндіріс саласында шығарылатын өнім көлемін жыл сайын 70-80 млрд теңгеге арттыру керек. Менің ойымша, бұл біздің қолымыздан келеді. Өңірде қажетті ресурс мен болашағы зор инвестжобалар жетерлік.

Солтүстік Қазақстан инвестклиматы қолайлы аймақ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өңірдегі жобаларды іске асыруға 11 айдың ішінде 226 млрд теңге құйылды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен бақандай 20 пайызға жоғары. Осылайша, өлкемізде құны 900 млрд теңге болатын 53 инвестжобадан жергілікті пул құрылды. Барлығы сәтті жұмысын бастағанда 7 мың жерлесіміз екі қолға бір күрекпен қамтылады. 2020 пандемиямен ғана емес, әкімдердің әр есептік кездесуінде көтерілетін әлеуметтік мәселелердің басым бөлігінің шешілуімен де есте қалмақ.

– 2020 жылы 35,5 млрд теңге бөлініп, барлығы – 954 км, оның ішінде 355 шақырым ауылішілік жол жөнделді. Нәтижесінде 150 елді мекенді байланыстыратын жолдың жағдайы жақсарды.
6,5 млрд теңге бөлініп, 335 км су желілері жөнделді. Осылайша, 60 мың адам тұратын 76 елді мекенді тіршілік көзімен қамту сапасы артты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл облыс бойынша интернет 115 елді мекенге тартылды. Осылайша, бүгінде өңірдегі 437 ауылдың тұрғындары интернетке шыға алады. Бұл барлық селолардың 69 пайызын құрайды. Айта кету қажет, аталған шаруа халық саны 250-ден асатын елді мекендерде жүзеге асырылады. Ең алдымен интернетке әкімдік, мектеп сынды мемлекеттік мекемелер қосылады.

Өңірдің әлеуметтік жағдайына, яғни өткір тұрған проблемаларын шешуге келесі жылы да үлкен назар аударылмақ. Бюджеттің 50 пайызы білім, денсаулық, мәдениет, спорт және сол баяғы жол, су мен интернетке жұмсалады. Бүгінде СҚ-ның 2021 жылға арналған қазына көлемі де белгілі болды. Қаражат көлемі биылмен салыстырғанда 26 пайызға өсіп, 330 млрд теңгені құрап отыр.

Эльмира Сәдуақасова