МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар қала тұрғындарымен кездесті

Алдағы 5 жылға қойылған жоспармен бөлісу үшін Владимир Бубенко бастаған нұротандықтар қала тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын ортаға салып, халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Жергілікті ағайынды баспана мен жалақы мәселелері алаңдатады. Айтуларынша, үйге қол жеткізу қиын, ал өңірдегі орташа табыс көлемі көңіл көншітпейді.

Дмитрий Тетерин – қала тұрғыны:

– Мен жетім ретінде қалалық әкімдікте үй кезегінде тұрмын. Кезегім 2012-ден бері баяу жылжып жатыр. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын 800-дің үстінде болсам, қазір 600-дің маңайындамын. Бүгінде жұмыс орнынан берілген баспанада тұрып жатырмын. Пәтер жалдау біраз шығынды талап етеді. Оның үстіне табысым да аз. Жалақым 2 баланы асыраудан артылмайды. Елімізде үй мәселесі біржақты етілсе деймін.

Партиялықтар бұл мәселенің шешімі «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасында жазылған. Онда алдағы 5 жылдың ішінде Петропавлда көппәтерлі 89 тұрғын үй салу туралы айтылған. Орташа жалақыны да 126 мыңнан 160 мың теңгеге дейін өсіру жоспарланып отырса керек.

Владимир Бубенко – облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Халықты баспанамен қамту – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Бағдарлама 7 бағыттан тұрса, соның бірі “Жайлы қала” деп аталады. Онда 1 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 21,4 шаршы метрден 25,5 шаршы метрге дейін арттыру қарастырылған.

Басқосуда Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер Ержан Оразалин қалада кіші және орта бизнесті дамыту керектігін алға тартты. Ол үшін партиялықтар жастарға өз ісін ашып, кәсібін өрге домалатуға жыл сайын кемінде 500 грант бөлуге септеспек. Сонымен қатар, “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасы аясында 100-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетуге ниетті.

Маржан Касымбек