Білім

Өңірде эпидахуал тұрақталып келеді

Облысымызда эпидахуал тұрақталып келеді. Өткен тәулікте өңірде коронавирус жұқтырудың 58 фактісі тіркелді. Індетке шалдыққандардың 15-і – петропавлдықтар. Вирус жұқтыру жағдайларының біртіндеп азаюына байланысты келер жылдың қаңтар айынан бастап 9-шы, 11-ші, 12-сынып оқушылары мен 1-ші курс студенттері сабақтардың денін дәстүрлі форматта оқитын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтылды.

Ағымдағы жыл адамзат баласы үшін қиын болды. Пандемия басталғалы әлемдегі 82 млн-ға жуық адамның бойынан қауіпті індет белгісі анықталды. Ал Қазақстанда дертті 200 мыңға тарта кісі жұқтырған. Оның 8,5 мыңы – солтүстікқазақстандықтар. Коронавирус белең алған шақта өңірімізде медициналық кадр мен дәрі-дәрмек тапшылығы сезілгені мәлім.

Қабдырахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бүгінде облысымызда коронавирус жұқтырған науқастар үшін 1165 инфекциялық төсек-орын қарастырылған. Қазір оның толымдылығы 45%-ды құрайды. Егер бұл көрсеткіш 70-ті құраса, орындардың санын 330-ға арттырамыз. Одан бөлек, бүгінде өңірімізде 98 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері топ құрамындағы мамандар 21 мыңнан астам тұрғынға амбулаторлық көмек көрсетті.

Биыл өңір ауруханаларындағы материалдық-техникалық база да толықты. Көктем кезінде облысымызда өкпені жасанды желдету аппаратының 81 данасы болыпты. Қажеттілік туындағасын оларды сатып алу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде заманауи қондырғылардың саны 230-ді құрайды. Одан бөлек, өлкемізде оттегі станциялары пайда болды.

Қабдырахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Көктемде оттегі станцияларының аздығы мәселесімен бетпе-бет келдік. Сондықтан биыл өңірде 5 станция пайда болды. Оған облыс есебінен 300 млн теңге бағытталды. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 11 рентген аппараты сатып алынды. Оның 6-уы – жылжымалы.

Қуанышымызға орай, СҚО – сары аймақта. Өлкемізде эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Яғни, науқастардың саны күннен-күнге азайып жатыр. Соңғы тәуліктегі статистиканы баян етейік. Желтоқсанның 29-ы күні өңірде инфекция жұқтырудың 58 фактісі тіркелген. Дертке шалдыққан жандардың азаюына байланысты аймақта карантин қағидалары жұмсартылуда.

Арман Күшбасов – СҚО санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

–  2020-2021 оқу жылының 3-ші тоқсанынан бастап 9, 11, 12-ші сынып оқушылары аралас оқу форматына көшеді. Яғни, пәндердің 70%-ы – дәстүрлі форматта, қалған 30%-ы қашықтықтан оқытылады. Басты талап – сыныптың ішіндегі адамдардың саны 15-тен аспауы тиіс. Мұндай режимге тағы колледж бен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері көшеді.

Бірақ, эпидахуал тұрақталып жатыр деп санитарлық талаптарды естен шығармау қажет. Адам көп шоғырланған жерлерден барынша алшақ болыңыздар. Әсіресе, келе жатқан мерекені жақындарыңызбен үйде атап өтуге шақырамыз.

Бисенова Жанна