Денсаулық сақтау

ЖИТС облыстық орталығының зертханасы жөндеуден өтті

Петропавлдағы ЖИТС облыстық орталығының зертханасы биыл жөндеуден өтті. Сондай-ақ, мұнда қан құрамын тексеруге арналған жаңа құрылғы әкелінген. Жалпы, жыл басынан бері орталықта 83 мыңнан астам талдау жүргізіліпті.

ЖИТС облыстық орталығы бұл ғимаратқа осыдан 2 жыл бұрын ауысты. Сол кездің өзінде мұндағы зертхана жөндеуді қажет еткен. Тиісті жұмыс тоқтаған жоқ, жөндеу де жүргізілді. Нәтижесінде желдету жүйесі ауыстырылды.

Онымен қоса қан құрамын тексеруге арналған заманауи құрылғы жеткізілген. Жаңа жабдықтың көмегімен анализ нәтижесі нақты әрі тез шығады. Қазір мұндағы мамандар күніне 500-ге жуық сынама тексереді.

Дина Кулетаева – ЖИТС облыстық орталығының зертхана меңгерушісі:

– Зертхана тиісті құрылғылармен қамтылған. Талдау жұмысы ережеге сәйкес құпия түрде жүргізіледі. Ешқандай ақпаратты жария ете алмаймыз.

Диагностикалық зертханада 4 бөлімше жұмыс істейді. Олар: ПТР-сынама дайындау, иммунологиялық бөлімше, клиникалық-биохимиялық блок және тұрғындарды жалпы тексерістен өткізу бөлмесі. Сынама дайындау кабинетінің аты айтып тұрғандай, бұл жерде адам бойындағы инфекцияның бар-жоғы анықталады. Өзге бөлмелердің жұмысын ЖИТС облыстық орталығының дәрігер-зертханашысы Ирина Литау жіпке тізді.

Ирина Литау – ЖИТС облыстық орталығының дәрігер-зертханашысы:

– Иммунолиялық бөлімшеде ағзаның кез келген ауруға төтеп бере алу қабілеті тексеріледі. Ал клиникалық-биохимиялық зертханада қанға жалпы талдау жүргізіледі. Тексерістен кейін адамның бойынан вирустық инфекция анықталса, ол диспансерлік есепке алынады. Бұдан соң біз оған тиісті дәрі-дәрмек жазып береміз.

СПИД-ті жеңетін дәрі әлі ойлап табылған жоқ. Алайда, дәрігер бекіткен препараттарды уақытылы қабылдаса, дерттің қарқынын бәсеңдетіп, өзгелерге жұқтыру қаупін төмендетуге болады,- дейді мамандар. Жалпы, жыл басынан бері облыстық орталықта 83 мыңнан астам талдау жүргізілген. Инфекция анықталған 1200-ге жуық адам диспансерлік есепке алынған.

 

 

 

Казиканова Алтынай