Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайыншада дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Спортқа ден қойған солтүстікқазақстандықтардың саны күннен-күнге артып келеді. Себебі, өңірде бұл үшін барынша жағдай жасалуда. Биылдың өзінде 6 аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Оның бірі Жаңа жыл қарсаңында Тайынша қаласының тұрғындарына қолданысқа тапсырылды. Заманауи нысанның жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Тайынша қаласында бұған дейін дене шынықтыру-сауықтыру кешені болмаған. Биыл орайы туып, облыс әкімінің тапсырмасымен осындай заманауи орталық тұрғызылды. Кең әрі жылы ғимаратта тренажер залы да бар.

Қанат Қоңыров – пауэрлифтингтен жаттықтырушы:

– 1992 жылы Тайыншада «Железный Самсон» клубы ашылды. Сол уақыттан бері ауданымыздан бірнеше әлем чемпионатының жүлдегері, ел біріншілігінің жеңімпаздары тәрбиеленіп шықты. Әрине, кәсіби спорттық қондырғылар болмағанымен жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Енді жаңа кешеннің ашылуымен көрсеткіштерімізді еселей түсуге мүмкіндігіміз бар.

Тренажер залында кәсіби спортшылармен қатар жергілікті тұрғындар да спортпен шұғылдана алады.

– Бұрын пауэрлифтингпен айналыстым. Бізде осындай тренажерлер болған жоқ. Қазір ең бастысы жастарда спортқа қызығушылық болса болғаны. Кешен ашылғаны біз үшін үлкен қуаныш. Енді өз баламды ауыр атлетикаға беремін.


– Кешеннің қолданысқа берілгені қуантады. Бұл Тайынша ауданының спортын алға жетелеуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Өз басым полиатлон спортымен айналысам. Енді осында жиі келуге тырысамын. Тәрбиеленушілерімді де осы залға әкелемін.

Кешеннің спорт залы командалық ойындарға қарастырылған. Тайыншалық жас футболшылар алғашқы жаттығуларын да өткізіп көрді. Спортшылармен облыс әкімі Құмар Ақсақалов тілдесіп, футболдың болашақ жұлдыздарына тәтті сыйлықтарды табыс етті. Жас қақпашының қырағылығын да байқап көрді.

Тайыншада жаңа кешеннің ашылуымен облыстық және аудандық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылмақ. Айта кету керек, биыл өңірде осы сынды 6 кешеннің құрылысы басталды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Спорт дені сау ұлт тәрбиелеу үшін өте қажет. Сондықтан, қарапайым нысандардан бастап, заманауи кешендерге дейін салып жатырмыз. Биыл 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастадық. Біреуін тапсырдық, қалғаны келесі жылы қолданысқа беріледі.

Бүгінде облыс бойынша 77 шағын футбол алаңы бар. Сондай-ақ, биыл аудандарда 5 хоккей корты ашылмақ. Тағы 6-уының құрылысы келер жылға жоспарланған.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова