МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар сауда орталықтарында экспромт-кездесу өткізді

Экспромт-кездесуді “Nur Otan” партиясынан депутаттыққа үміткерлер Петропавлдың бірнеше сауда орталығында өткізді. Сайлауалды бағдарлама жазылған парақтар сатып алушылар мен сатушыларға таратылды. Соңғыларын Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуы аса қызықтырды. Нұротандықтардың сөзінше, жоспарда бизнес субъектілерінің санын көбейту бар. Қазір өңірде олардың саны 30 мың болса, 2025-те тағы 6 мыңға артады. Осылайша барлығы 115 мың жұмыс орны болады. Ал сатып алушылар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім мен денсаулық сақтау бағыттары бойынша сұрақтарын қойды. Бұл – көшбасшы партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары.

Кеңес Мұқышев, қалалық мәслихат депутаттығына “Nur Otan” партиясы атынан үміткер:

–  Қоғамдық қабылдауда тұрғындардың жеткізген тілектерін сараптай отыра бірнеше қорытынды жасадық. 2022-2023 жылдары тағы 2 балабақша тұрғызуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, Петропавл қаласында дәрігерлік амбулаторияларды ашу керек. Бұл жерлестеріміз үшін медициналық қызмет алуда ыңғайлы болмақ.

Нұротандықтардың келесі басым бағыты – тұрғындарды баспанамен қамту. Алдағы уақытта 89 көпқабатты және 1700-ден аса жер үй салу көзделіп отыр. Ауқымды шаруаның жемісін 16 мыңдай азамат сезінбек. Сондай-ақ, мыңнан аса шақырым жол жөнделеді дейді партия мүшелері. Депутаттықтан үміткерлер білім саласын да назардан тыс қалдырмаған.

Данияр Уәлиев, облыстық мәслихат депутаттығына “Nur Otan” партиясы атынан үміткер:

– Бүгінде 3 кезекте оқитын мектептердің мәселесі шешілді. “Педагог мәртебесі” туралы заң қабылданды.

Ендігі мақсат – қабылданған заңның іс жүзінде орындалуын қадағалау.

 

Эльмира Садвокасова