Ерiктiлер

Өңір еріктілері жылды қорытындылады

Тұрғындарға 15 мың бетперде таратып, 5 мыңнан астам азық-түлік қоржынын және 2 мыңға жуық дәрі-дәрмек жеткізіп берген. Өңір еріктілері пандемия кезінде 19 мың солтүстікқазақстандыққа жәрдем берді. Бұл – волонтер жастар атқарған жұмыстың бір парасы ғана.

Биылғы жыл өңір еріктілері үшін жемісті жыл болды. Ақпан айында-ақ облыс атынан ең үздік деген 30 волонтер Нұр-Сұлтан қаласында өткен “BIRGEMIZ” атты республикалық фронт-кеңсесінің ашылуына қатысты. Араға бір ай салып дәл осындай кеңсе өзімізде пайда болды. Бұл офистің жұмысы істеуі волонтерлер қозғалысының дамуына үлесін қосып, еріктілер санын арттыруға септесті.

Анастасия Волкова – қоғамдық даму және ақпараттық орталығының бөлім басшысы:

– Өңірлік фронт-кеңсе ашылысымен біз облысымыздың түрлі ұйымдарымен келісім шарт жасастық. Жергілікті еріктілер ТЖД, әділет департаменті, облыстық ардагерлер кеңесі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесе жұмыс жасайды.

Еріктілер облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысатыны сөзсіз. Волонтерлер жыл басынан бері 2,5 мыңға жуық іс-шара өткізіп, оған 40 мыңға тарта адам қатысқан. Жастары еңбекқор еріктілер қатарына баулу мақсатында биылдан бастап бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Анастасия Волкова – қоғамдық даму және ақпараттық орталығының бөлім басшысы:

– Еріктілер qazvolunteer.kz сайтына тіркеліп, волонтер куәлігін ала алады. Бұл құжаттың негізінде қаладағы кинотеатрлар, театрлар мен фитнес-клубтарға баруға жеңілдіктер ұсынылады. Одан бөлек, университеттің 261 студенті академиялық кредит ала алады.

Бүгінде солтүстікқазақстандық еріктілердің саны 10 мыңнан асады. Жастар 26 волонтерлік клубқа мүшелік етеді. Мәселен, “Жастар ресурстық орталығы”, “Jas Otan”, “Ашық жүрек”, “Серебряные волонтеры” сынды ұйымдар бар. Биыл бұл тізім тағы бір жобамен толықты. Ол “Медициналық еріктілер” деп аталады.

Рүстем Арманов – “Медициналық еріктілер” жобасының үйлестірушісі:

– Бүгінде жобаға 50-ден астам адам тіркелді. Олардың басым бөлігі – Қозыбаев университетінің жоғары медиицна мектебі мен жоғары медицина колледжінің студенттері. Біз өз жұмысымызды қазан айында бастадық. Ал 26-шы қазан мен 1 қараша аралығында біз арнайы мектеп ашқан болатынбыз. Мектеп 2 бағытты ұстанады. Біріншіден, достық құндылықтарды насихаттау, екіншіден, медициналық біліммен қамтамасыз ету.

Бүгінде медициналық еріктілер – фелдьшерлерге қолғанат, қарт адамдардың хал-жағдайын біліп тұрады және ауруханаларда науқастарды күтуге көмектеседі. Биыл өңірдегі еріктілер қозғалысын қолдауға 20 млн теңге қаржы бағытталған.

 

 

 

 

Бисенова Жанна