Қоғам

Қайырымды жандар көпбалалы отбасылардың үйіне барды

Игі бастама. Бүгін облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының өкілдері көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың үйлерін аралап, қала тұрғындарын келе жатқан мерекемен құттықтады. Шара барысында волонтерлер  жанұяларға азық-түлік салынған қоржын табыс етті.

Анастасия Гурьянова – жалғызбасты ана. 5 бала тәрбиелеп отыр. Көпбалалы жанға мемлекеттен жәрдемақы төленеді, ай сайын 85 мың теңге беріледі. Бірақ, қымбатшылық заманда азық-түліктен артылмайды. Нәзікжандыға жергілікті волонтерлер көмек көрсетіп тұрады. Жаны жайсаң жандар балақайларды бүгін тағы да қуантты. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының өкілдері көпбалалы отбасыға бір қоржын азық-түлік пен тәтті-дәмділер әкеп берді.

Анастасия Гурьянова – қала тұрғыны:

– Келіп құттықтап жатқандарына рақмет. Волонтерлер үйімізге жиі бас сұғып көмек көрсетіп тұрады. Мектептен де жақында ақша берілді. Біз сияқты жандарды назардан тыс қалдырмай қолдау бергендері үшін алғысым шексіз. Өзім жұмыссызбын. 30 мың теңге алимент аламын.

Волонтерлер көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың үйлерін аралауда. Қайырымды жандар көмекке мұқтаж қала тұрғындарына азық-түлік салынған қоржын таратып жүр. Акцияға 15 спорт түрінен 30-дан аса адам қатысты.

Руслан Молдыбаев – СҚО жауынгерлік өнер қауымдастығының өкілі:

 – Әкімдікке барып тұрмысы төмен отбасылардың тізімін алдық. Осылайша өз еркімізбен көмекке мұқтаж жандардың үйлерін аралап, келе жатқан мейраммен құттықтап жүрміз. Мұндай шараны жиі ұйымдастырып тұрамыз. Басқа да жандарды жағдайлары жетіп жатса қайырымды іс жасауға шақырғымыз келеді.

Шарапаты мол шара аясында еріктілер 10-нан аса отбасыны мерекемен құттықтады.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан