Құқық қорғау органдары

Желілік бөлім қызметкерлері ҰОС ардагерін мерекемен құттықтады

Қарияға ізбасарлары құрмет көрсетті! Желілік бөлім қызметкерлері ардагер Александр Тищенконы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Қарт Ұлы Отан соғысына қатысып, Ленинградты жау қолынан азат етуге ат салысыпты. Ал кейін милицияда қызмет етіп, талай ауыр қылмыстың бетін ашқан.

Александр Тищенконың майдан даласына шақыртылған күні әлі есінде. Әскер қатарына 17 жасында қабылданыпты. Ал 2 жылдан кейін 44-тің сәуірінде Ленинградты жау қолынан азат етуге қатысады. Блокаданы бұзу барысында Александр Тищенко талай рет жарақат алып, госпитальға жатқызылған. Бірақ, ем-дом алғаннан кейін қатарға қайта оралыпты. Аяққа қайта тік тұрғаннан кейін азамат 24-ші шекара заставасында қызмет етеді. Батылдығы мен ерлігі, елі мен жеріне деген шексіз махаббаты үшін жауынгердің кеудесі медальмен көмкерілді.

Александр Тищенко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мен Ленинград майданына, 8-ші әскер қатарына іліктім. 44-те қаланы фашистерден азат етуге қатыстым. Дөңгелектері бар пулеметтен жақсы ататынмын. Бірақ, ұшақтарды көздеу қиындау болатын. Себебі, техника броньдалған. Сондықтан, оқты зая кетірмей, дәл жауға ату керек.

Ұлы Отан соғысынан кейін Александр Тищенко қазіргі полиция, сол кездегі милицияда қызмет еткен. 20 жылдан аса уақыт желілік бөлімде жұмыс істеп, бірқатар аса ауыр қылмыстың бетін ашқан.

Келе жатқан Жаңа жылмен құттықтау, естелік сыйлықтар мен бастысы – ізгі тілек. Барлығы Александр Тищенкоға арналған. Желілік бөлімнің бүгінгі қызметкерлері ардагерге жиі қонаққа келіп, әңгіме-дүкен құрады екен.

Қанат Тұрғанбеков – Петропавл станциясындағы Желілік полиция бөлімінің бастығы:

– Тищенко Александр Александрович – біздің құрметті ардагеріміз. Ол – жас қызметкерлер үшін үлгі. Қарияны назардан тыс қалдырмаймыз. Әрдайым мереке қарсаңында құттықтаумен келеміз, кез келген мәселесін шешуге көмектесеміз.

Александр Александрович өз кезегінде қонақтарына алғыс айтып, жас мамандарға батасын берді.

 

 

Эльмира Садвокасова