Ерiктiлер

Жаңа жыл қарсаңында волонтерлер көпбалалы отбасыларды қуантты

Жаңа жыл мерекесі қарсаңындағы қайырымдылық акциясы! Жергілікті «Лидер KZ» волонтерлік қозғалысының өкілдері “Қызылжар аналары” қоғамымен бірлесіп көпбалалы отбасыларды қуантуда.

Светлана Кандрикова – 6 баланың анасы. Тұңғышы 16-да болса, көпейі небәрі – 3 жаста. Ұл-қыздардың үлкені де, кішісі де сиқырға толы мерекені асыға күтуде. Балалар жуырда армандары мен ізгі тілектерін ақ қағазға түсіріп, Аяз атаға хат жазыпты. Әр балақайдың тілегі әр түрлі. Мысалы, 15 жасар Александрдың тілегі ерекше. Ол бауырлары сияқты мейрамның басты кейіпкерлерінен ойыншық сұрамаған. Құрылысқа жақын болғандықтан, бұрағыш құралын сұрапты. Бүгін көптен күткен жабдыққа қол жеткізіп отыр. Енді жасөспірім үйінде түрлі дүниелерді әзірлеп, қираған заттарды қалыпқа келтірмек. Бұдан бөлек, жақын маңда тұратын жалғызбасты зейнеткерлерге де көмектеспек. Еріктілер базарлықтан бөлек, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен шағын мерекелік бағдарлама да дайындап келіпті.

Кристина Ашпекова – «Лидер KZ» волонтерлік қозғалысының үйлестірушісі:

– Біз “Қызылжар аналары” қоғамымен бірлесіп, осындай акция ұйымдастыруды шештік. Алдымен көпбалалы жанұялардың үйлерін аралап, ұл-қыздардан Аяз атаға жазған хаттарын жинап алдық. Кейін балалардың тілектерін өзіміздің әлеуметтік парақшамызға жүктедік. Жергілікті жомарт жандар барынша көмек көрсетті. Нәтижесінде облыстағы 20 көпбалалы отбасыны қуантудамыз. Тізімге жалпы саны 68 ұл-қыз енді. Демалыс күндері 5 бірдей ауданға барып, ондағы балақайларға көтеріңкі көңіл-күй сыйладық.

 

 

Бердимурат Баймухан