Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданында сүт-тауарлы ферма ашылды

Жылына 3600 тонна ақ. Бүгін Қызылжар ауданына қарасты Чапаево ауылында сүт-тауарды ферма ашылды. Құрылысы 3 жыл бұрын басталған кешенге 3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Қазіргі күні мұнда  шетелден  сиырлар жеткізіліп жатыр. Бүгін Қызылжар ауданына “симментал” тұқымды ірі қаралардың 7-ші легі әкелінді.

Ту сол Германиядан 3 мың шақырымды артқа тастаған сиырлар қазір өздерін жаңа ортада емен-еркін сезінуде. «Симментал» деп аталатын асылтұқымдылардың алғашқы легі өңірімізге қазан айында жеткізілді. Қазір олар аққайыңдар өлкесінің климатына үйреніп алған.

Бүгін Қызылжар ауданына қарасты Чапаево ауылындағы жаңа фермаға малдардың 7-ші легі жеткізілді. Яғни, 90 бас ірі қара. Сүт-тауарлы кешен 720 басқа шақталған. Қазіргі күні әкелінген тайыншалардың жалпы саны – 214.

Медет Төлегенов – «Қызылжар Сүт» ЖШС құрылтайшысы, Қызылжар ауданы:

– Қазір 214 бас әкелінді. Бұл биылғы жылдың қиыншылығы. Жеткізуге пандемия көп әсер етті. Бұрын өзіміз барып қарайтынбыз. Қазір шаруа қашықтықтан атқарылып жатыр.

Сүт-тауарлы кешеннің құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Жобаға 3,3 млрд теңге бағытталыпты. Қаржының басым бөлігі Аграрлы-несиелік корпорациядан төмендетілген үстемеақымен алынған. Қазіргі күні ферма барлық заманауи қондырғылармен жабдықталған.

Олжас Бектасов – «Қызылжар Сүт» ЖШС атқарушы директоры, Қызылжар ауданы:

– Мына жерде түрлі түсті торлар арқылы сиырлардың даму процесі көрсетілген. Ақпарат күн сайын жаңарып отырады. Осылайша біз малдардың денсаулығынан ұдайы хабардар болып отырамыз. Сондай-ақ, арнайы бағдарламаның көмегімен сиыр қашан туды, күніне қанша сүт беретіні жайлы да білуге болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айта кетейік, елдегі ең алғашқы сандық ферма 2004 жылы Солтүстік Қазақстан облысында пайда болды. Содан бері ашылып жатқан кешендердің барлығы бізде автоматтандырылған. Бұл жұмысты жеңілдетіп, өндіріс көлемін арттыруға септеседі.

Германиядан әкелінген симментал сиырлар сүтті мол береді. Кәсіпкер асылтұқымдылардан жылына 3600 тонна ақ алуды жоспарлап отыр. Ал өнімді жергілікті зауыттарға тапсырмақшы екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жалпы медициналық норма бойынша 1 адамға жылына 340 литр сүт қажет екен. Бұл ферма жылына 3600 тонна сүт өндіреді. Сондықтан, 1 ғана ферма 10 мың адамды сүтпен қамтамасыз ете алады. Келесі жылы тағы 10 ферманың құрылысы басталады. Қажет ететін қаражат 2021 жылдың бюджетінен қарастырылған.

Барлығы фермада 214 бас тайынша тұр. Кәсіпкер көктемге дейін 1-ші сиыр қораның ішіндегі мал санын 360-қа жеткізбекші екен. Ал қалған 360 сиыр алдағы жылдары жеткізілетін болады. Айта кетейік, шет елден әкелінген бір ірі қараның бағасы – 1 млн 200 мың теңге. Оның 400 мың теңгесі мемлекеттен субсидияланды.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан