МТРА жаңалықтары

«Nur Otan» партиясының мүшелері Пресновка ауылының тұрғындарымен жүздесті

Облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткерлер Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосында болды. Халықпен кездесу кезінде кандидаттар тұрғындарды сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, аудандағы түйткілді мәселелерді шешу жолдарын айтты. Жергілікті ағайынды жалақының аздығы, ауыз су тапшылығы мен жол жағдайы толғандырады.

Кандидаттардың арасында кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары да бар. Іскер жандар тұрғындардың көкейіндегі сұрақтардың кейбірі қазіргі таңда шешіліп жатқандығын айтты.

Олег Адам – облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Біз келер жылы Казанка ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жаңғырту жұмыстарын қайта жандандырмақшымыз. Нысанды қолданысқа тапсырғаннан кейін спорттық нұсқаушылар қажет болады. Сондай-ақ, шаруашылығымызда біраз жұмыс орны бар. Есепшілер, дәнекерлеушілер мен темір ұсталары керек.

Сәуле Нұркеева Жамбыл аудандық ауруханасында терапевт болып қызмет етеді. Айтуынша, қазіргі күні ауданда жас дәрігерлердің тапшылығы байқалады. Халық қалаулысы болуға үмітті жан сайлауалды бағдарламамда ауылды жерлерге жастарды тарту жолдарын көрсеттім дейді.

Сәуле Нұркеева – облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту – маңызды тұстардың бірі. Ауданға тар бейінді мамандарды көптеп тарту қажет. Жастарды бір орында ұстап қалу үшін оларды баспанамен қамтамасыз ету керек.

Ал бизнес жолында тер төгіп жүрген кандидаттар ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп шығаруды қолға аламыз дейді әрі мал өсіру бағытына да басымдық беруге ниетті.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан