Ерiктiлер

М.Жұмабаев ауданының еріктілері қарттарға көмектесуде

Жүрекке мейірім ұялататын акция. М.Жұмабаев ауданының еріктілері жалғызілікті қарттардың үйінің алдын  қардан тазалауға көмектесуде. Белсенді жастар желтоқсан айының басынан бері Булаево қаласында тұратын 20-дан астам зейнеткерге жәрдемдескен.

Қолдарына күрек ұстаған ұл-қыздар ең алдымен Нина Стримиленконың үйіне келді. Жастар бұл жерді кеше де тазалаған екен, шаруа бүгін де жалғасын таппақ. Нина Стримиленко – тыл еңбеккері. Балғын балалық шағын алқапта егін жинап өткізген. Ол кезде Украинаның Приморск қаласында өмір сүрген екен. Кейін тұрмысқа шығып, 60-шы жылдары жолдасымен бірге Булаевоға көшіп келеді.

Нина Стримиленко – тыл еңбеккері:

– Күйеуім – ҰОС ардагері. Осыдан біраз жыл бұрын көз жұмды. Қазір жалғыз тұрамын. Хал-жағдайымды еріктілер келіп, біліп отырады. Үй шаруасын атқаруға да көмектеседі. Көктемде жер қазып, картоп егеді, ал қыста қар тазалап береді. Жастарға ризамын. Мені ұмытпайды.

Су мен отын тасиды, үйдің ішін жинауға көмектеседі. Еріктілер жалғызбасты қарттардың үй шаруасын атқаруға жыл бойы көмектеседі. Мұндажұмыс бітті, енді жастар келесі үйге қарай бет алды. Бұл кезде қатарға аудандық пробация қызметкерлері де келіп қосылды.

Бұл шаңырақтың иесі Зоя Лопатина да 14 жылдан бері жалғыз тұрады. Перзенттері көршілес Ресейде қызмет етеді. Қария жалғыз үміті осы жастар екенін айтады. Еріктілер болмаса, қысқа қамданып үлгермейтін едім дейді.

Зоя Лопатина – Булаево қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Күздің ортасында осындай жағдай болды. Күн суытып, үйдің жанындағы картопты жинап үлгермедім. Не істерімді білмедім. Сонда жастардың өздері маған хабарласты. Көмектескісі келетіндіктерін айтқанда қатты қуанып кеттім.

Еріктілер осыған дейін 20 үйдің айналасын қардан тазартыпты. Бұл жастардың биыл атқарған жалғыз жұмыс емес. Олар карантин қатаңдатылған уақытта да белсенділік танытыпты. Ауданда тұратын 400-ге жуық мұқтаж отбасыға азық-түлік қоржындарын таратқан.

Гүлдана Нұржігітова – “Волонтерлер” фронт-кеңсесінің жетекшісі, М.Жұмабаев ауданы:

–  Біз 2016 жылдан бері «Жақсылық қорабы» атты акция ұйымдастырып жүрміз. Оның аясында аз қамтылған отбасы балаларына киім-кешек, ойыншық мен оқу құралдарын жинаймыз. Жәшіктер аудан орталығындағы супермаркетке орналастырылған. Бүгінге дейін 800-ге жуық жанұяға көмек бердік.

Ал “Үміт” акциясы аясында өңірімізге өзге өлкелерден көшіп келген жанұяларға жәрдем көрсетілген. Яғни, 30 отбасының балаларына жылы киімдер табыс етіліпті. Жалпы, М.Жұмабаев ауданында бүгінде 500-ден астам ерікті еңбек етеді.

 

Маржан Касымбек