Ерiктiлер

Өңір еріктілері «Ыстық жүрек» акциясын өткізді

Жыл басынан бері өңір еріктілері жақсылық жасап, қаншама адамға қол ұшын созды. Сондай шаралардың жалғасы ретінде өткен демалыс күндері «Ыстық жүрек» деп аталатын акция ұйымдастырды. Белсенді жастар қаладағы базарлардың біріне барды.

Демалыс күні, далада сынап бағанасы -20 градусты көрсетіп тұр. Бірақ, бұл жақсылық жасауға ниетті жергілікті волонтерлерге кедергі емес. Олар екі топқа бөлініп, қала тұрғындарына ыстық шәй мен тәтті тоқаштар таратты. Дәл қазір екінші ұжым “Океан” сауда үйінің аумағында жүр. Мұндағы жұртшылыққа арнап еріктілер 4 литр шәй әзірлепті.

Виталий Шеминг – облыстық жастар мәслихатының өкілі:

– Бүгін петропавлдық еріктілер алғаш рет “Ыстық жүрек” акциясын ұйымдастырып жатыр. Бұл іс-шара кезінде ашық аспан астында жұмыс істеп жатқан адамдарға ыстық шәй, бауырсақ пен тәтті тоқаштар таратылады. Бастаманың басты мақсаты – жаураған жандарға жылулық сыйлау, бір-бірімізді жақындастыру.

Игі іс-шараға теріс көзқараспен қараған адамдар да болды. Бірақ, акцияға ризашылықтарын білдіріп жатқан адамдардың қарасы әлдеқайда қалың.

– Үлкен рахмет. Суық күнде ыстық шәй мен тәтті тоқаш жаныңды жылытады.

–  Шәйларыныз дәмді. Бізді ұмытпай, қамқорлық көрсетіп жүргендеріңізге мың алғыс!

– Көрсетіп жатқан сый-құрметтеріңіз баршамызды қуантты.

Еріктілер бұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар осы сынды акцияларды келер жылы жиі ұйымдастырып тұруды жоспарлап отыр. Жалпы, “Ыстық жүрек” шарасына 10 волонтер қатысты.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев