Спорт

Ел чемпионатында өнер көрсеткен зілтеміршілер Петропавлға оралды

Кеше ел чемпионатында өнер көрсеткен зілтеміршілер Петропавлға оралды! Облыс құрамасы Қостанайда және Талдықорғанда өткен жарыста өңір намысын абыроймен қорғады. Қос жарыстан 4 спортшымыз түрлі санаттағы 12 бірдей медаль әкелді.

15 жасар зілтемірші Алина Колиушко үшін соңғы 3 ай оңайға соқпады. Жерлесіміз екі бірдей ел чемпионатына қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Алдымен жасөспірім Қостанайда өткен додада 2-ші орын иеленді. Кейін жас спортшы өңір намысын Талдықорған қаласында қорғады. Мұнда жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтеріліп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

Алина Колиушко – ауыр атлетика бойынша ҚР спорт шебері:

– Талдықорғанда өткен жарысқа қалай да болсын 1-ші орын аламын деп бардым. Менің басты қарсыласым Алматы облысының 23 жасар спортшысы болды. Ол – ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Сайыс кезінде мен жалпы есепте 168 келіні еңсердім. Нәтижесінде маған 1-ші орын бұйырды. Тәжірибелі зілтеміршіден асып түстім.

Жалпы, Талдықорғанда өткен ел чемпионатына 350-ге жуық спортшы қатысқан. Додада Алинадан бөлек, 3 солтүстікқазақстандық өнер көрсеткен екен.
Теріскейліктердің 3-еуі біріншіліктен жүлдемен оралып отыр. Қоржында 1 алтын мен 2 күміс медаль бар. “Бұның бәрі – күнделікті дайындық пен қатаң тәртіптің жемісі”,- дейді тәжірибелі жаттықтырушы Эрик Алибаев.

Эрик Алибаев – СҚО ауыр атлетика бойынша аға жаттықтырушысы:

– Талдықорғанда онлайн форматта өткен ел чемпионатына бірнеше ай бойы дайындалдық. Дайындалуымыздың себебі жарысқа мықты спортшылар қатысты. Араларында, тіпті, 30-40 жастағы тісқаққандар болды. Бірақ, олардың біразын қапы қалдырдық. Мәселен, Алина Колиушко – 1-ші, Александр Шпехт пен Жанәли Тұяқов 2-ші орын еншіледі. Ал Денис Полубояринов 4-ші орынды қанағат тұтты. Балалардың барлығына дән ризамын.

2020-шы жыл жерлес зілтеміршілер үшін жемісті болды деп айтуға болады. Биыл Алина Колиушко мен Жанәли Тұяқов Қазақстан ұлттық құрамасына мүше атанды. Одан бөлек, Жанәли алғаш рет жаһандық додаға қатысып, 3-ші орынды иеленді. Келесі жылдың жазында жерлестеріміз Ташкент қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр.

 

 

Бисенова Жанна