Қоғам

Жергілікті университет пен іргелі серіктестік арасында меморандум жасалды

Екеуара тиімді келісім! Бүгін Петропавлдағы Қозыбаев университеті мен “Cool Infinity” серіктестігі ортақ меморандум жасасты. Келісім шартқа сәйкес, жоғарғы оқу орнының студенттері келесі жылдан бастап кәсіпорында тәжірибеден өтеді, ғылыми зерттеу жүргізеді. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуларына да мүмкіндіктері бар.

Жергілікті “Cool Infinity” серіктестігі осыдан 2 жыл бұрын жұмысын бастады. Биыл кәсіпорын изотермиялық термос-вагон әзірлеуді қолға алды. Ерекшелігі сол, онымен тез бүлінетін азық-түлік пен тауарларды алыс қашықтыққа тасымалдауға болады. Заманауи дүниеде өнім 10 күнге дейін қаз-қалпында сақталады.

Ахан Кәрімов – “Cool Infinity” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:

 

– Биыл біз «Петропавл ауыр машина жасау» зауытының бір бөлігін сатып алдық. Алдағы уақытта ол жерді жаңғыртатын боламыз. Шаруаны атқару үшін білікті мамандар қажет. Жас құрылысшылар, инженерлер, есепші-экономистер, заңгерлер мен электршілерді шақырамыз. Оларға төленетін жалақы көлемі кемінде 200 мыңнан басталады.

Өңірімізде мұндай мамандарды дайындап шығаратын жоғарғы оқу орны бар. Қозыбаев университетінде бүгінде 7 мыңнан астам қыз-жігіт білім алып жатыр. Араларында зауытта еңбек етуге жарайтын жастар жетерлік. Сондықтан, серіктестік басшылығы қара шаңыраққа екеуара меморандум жасасуды ұсыныпты. Бүгін екі жақ келісім шартқа қол қойды.

Татьяна Ратушная – Kozybayev University инженерия және сандық технологиялар факультетінің деканы:

 

– Келісім шартқа сәйкес, студенттердің біліктілігін арттыруға арналған шаралардың барлығы жүргізілетін болады. Яғни, кәсіпорын өкілдері және жастар арасында семинар, конференция, практикалық сабақтар ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, вагон шығарылатын орындарда ғылыми зерттеу жүргізуге де рұқсат етіледі.

Тәжірибе жинақтап қана қоймай, студенттер зауытқа жұмысқа да орналаса алады. Ал жергілікті университеттің мамандары мынадай ұсыныс жасады: оқытушылар серіктестікте қызмет ететін жандарға сабақ беріп, біліктіліктерін одан әрі арттыруға ниетті.

Татьяна Ратушная – Kozybayev University инженерия және сандық технологиялар факультетінің деканы:

 

– Ең алдымен онда еңбектенетін мамандарға қандай курстар қажеттігін анықтаудамыз. Сабақтар қанша уақытқа созылатындығы және ол аяқталған соң қандай құжат берілетіндігі жайлы да келіссөз жүргізілуде. Жергілікті университет оқытушылары өткізетін дәрістер кәсіпорын өкілдерінің білімін арттыруға септеседі деп ойлаймын.

Бұл ұсыныс әлі қарастырылып жатыр. Алдағы уақытта осыған қатысты тағы бір келісім шарт жасалуы әбден мүмкін.