Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданындағы іргелі кәсіпорын жаңа цехін іске қосты

Іргелі кәсіпорын жаңа өндірісті қолға алды. Бүгін Тайынша ауданындағы «BioOperations» серіктестігі биоэтанол шығаратын цехін іске қосты. Зауытта Франциядан жеткізілген заманауи қондырғылар жұмыс істеп тұр. Қазіргі күні облысымызда жасалатын өнімге тапсырыс берген компания да бар екен. Жаңа цехтың жұмысымен аймақ басшысы Құмар Ақсақалов танысты.

8 жыл тұралап қалған биозауыттың тамырына қан жүгіріп бүгін толық қуатта жұмыс істеп тұр. Қазіргі күні мұнда крахмал мен желімтек өндіріліп жатыр. Мамандар бидайдан алынған өнімнің барлығын шетелдерге экспорттаймыз дейді. Айтуларынша Солтүстік Қазақстанда шығарылатын тауар әлемдік нарықта сұранысқа ие.

Алмас Қалимурзин – «BioOperations» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

 

– Жақында ғана крахмал мен желімтектің үлкен партиясын шетелге жөнелттік. Өнім АҚШ пен Түркия елдеріне экспортталды. Солтүстікқазақстандық бидайдың құрамындағы протеин мөлшері өте жоғары. Сол себепті, нарықта қатты бағаланады. Қазіргі күні тапсырыс берушілердің саны артуда. Түрлі компаниялармен келіссөздер жүргізіп, келісім шарт жасасып жатырмыз. Бұл бағыт бойынша шаруа әлі жалғаса береді.

Аймағымыздағы ірі кәсіпорынның жаңғырту жұмыстары бүгін толығымен аяқталды. Бүгін мұнда биоэтанол өндіретін цех іске қосылды. Ауқымды шаруаға құйылған жалпы инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрайды.

Алмас Қалимурзин – «BioOperations» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

 

– Бұл цехті басқару орталығы. Қазір мұнда жоғары технологиялы қондырғалыр мен жаңа бағдарламалар орнатылған. Цехқа қажетті қондырғыларды Франция елінен сатып алдық. Осы жерден 2-3 цехтің жұмысын бірден қадағалауға болады.

Бүгінде Қазақстанның биоэтанолға деген сұранысы жылына 36 мың тоннаны құрап отыр. Жаңа ашылған цехта экологиялық бензиннің әзірше 20 мың тоннасын ғана шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорын басшысы Алмас Қалимурзин өндіріс көлемін біртіндеп арттырамыз дейді. Осылайша серіктестік елдегі сұранысты толығымен жабады. Қазірдің өзінде кәсіпорын Павлодардағы мұнай өңдеу зауытына биоэтанол жеткізу туралы келісім шарт жасасқан екен.
Сондай-ақ, облыс әкімі «EMC Agro» серіктестігіне де ат басын бұрды. Биыл мұнда 100 мың басқа арналған шошқа кешені салынып жатыр. Іске құйылған инвестиция көлемі 11,5 млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта серіктестікте Қазақстандағы ең ірі сүт-тауарлы ферма салынады. Мамандар шаруаны келер жылдың көктемінде бастауды жоспарлап отыр. 3 мың бас ірі қараға арналған кешенге 10 млрд теңге инвестиция құйылады. Осылайша барлық шаруа аяқталған соң Тайынша ауданында тағы 220 жаңа жұмыс орны пайда болады.

Бердимурат Баймухан