Қоғам

Мұз төбешіктері құйыла бастады

Қаланы Жаңа Жыл мейрамына орай безендіру жалғасуда. Шаруаны мамандар желтоқсанның 17-сінен бастаған болатын. Бүгінде жұмыстың басым бөлігі тәмамдалыпты.

Шыршалар орнатылып, түрлі түсті жарық шамдары ілінген. Сондай-ақ, мұздан әр түрлі фигуралар да жасалды. Петропавлдықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға арналған шаралардың нүктесін мұз төбешіктері қоймақ. Апта басында облыс әкімі Құмар Ақсақалов сырғанақтарды құю үшін эпидемиологтардың шешімін күту қажет деген болатын. Санитарлық дәрігерлер күні кеше ешқандай кедергінің жоқтығын айтып, өз рұқсаттарын берді.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:


–  Бүгін қала бойынша 4 мұз төбешігін жасауға кірістік. Сырғанақтар облыстық әкімдікке қарама-қарсы орналасқан басты алаңда, орталық алаңда және Береке ықшам ауданы мен Сити-Молл сауда-ойын-сауық орталығының жанында болады. Жұмысты екі күн ішінде тәмамдауды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте тұрғындарды барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра сырғанауды сұраймыз.

Эльмира Садвокасова