МТРА жаңалықтары

Ботаникалық бақтың тағдыры

Ботаникалық бақ өкілдері дабыл қағуда! Оранжереяның дәл жанынан волейбол клубына арналған нысан тұрғызылуда. Бүгінде ғимараттың қаңқасы салыныпты. Ал қолданысқа 2021-де тапсырылады деп жоспарланған. Бірақ, бүгіннің өзінде құрылыстың салдары сезіліп отыр. Тамыз айында он шақты ағаш солып, қурап қалған. Проблема шешілмесе, бақ қызметкерлері келесі жылы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған бірқатар тропикалық өсімдіктен айырылуы мүмкін. Мәселе “Қызылжар – адалдық алаңы”-нда қарастырылды.

Мәселенің көтерілгеніне 1 жылдан асты. Алайда, ботаникалық бақ өкілдерінің жан айқайынан құрылыс тоқтамады. Ол әлі де жалғасып келеді. Бүгінде болашақ волейбол кешенінің қаңқасы тұрғызылыпты. Салдары көп күттірмей сезіле бастады. Тамыз айында он шақты ағаш солып, кейін қурап қалған. Бұл жасыл желектердің кебісін / жасы 1 және 2 ғасырдан асқан тропикалық өсімдіктер кие ме деп қорқады Артур Рязапов.

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың бас агрономы:

 

– Волейбол клубын салу кезінде тексерістер өткізіліп, сараптама жасалды. Бірақ, экспертизаны жүргізген мамандар ботаникалық бақты экожүйе емес, адамдар тұрмайтын нысан ретінде қарастырған. Сәйкесінше, түсетін ультракүлгін сәуле мөлшерін нормаға сай деп бекітті. Алайда, ботаникалық бақтың бір бөлігі шын мәнісінде күн нұрынан оқшауланып қалды.

Ол аздай, құрылыс барысында жерасты суларының жүйесі бұзылған көрінеді. Өзгерістердің теріс нәтижесі көктемде байқалуы мүмкін. Артур Рязаповтың сөзінше жауын-шашын мен еріген қар суының ағып кетуіне мүмкіндік жоқ. Бұл да ботаникалық бақтағы өсімдіктерге өз әсерін тигізбей қоймас. Бірақ, ол кезде мамандар он шақты емес, жүз шақты ағаштан айырылуы ықтимал. Ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан мәселені жан-жақты қарастыру үшін “Қызылжар – адалдық алаңы”-на қала әкімінің орынбасары мен табиғатты қорғау саласындағы прокурор шақыртылды. Алайда, жергілікті билік пен заң өкілдері шараға белгілі бір себептермен қатыса алмады. Сәйкесінше, диалог та құрылмады. Ұсыныстарды оларға жазбаша түрде жолдау көзделіп отыр.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – adaldyq alany» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

 

– Негізінде қабырға әйнектен жасалса, еш кедергі жасамайтын еді. Яғни, онда күн нұры өсімдіктерге түседі. Мәселені шешудің бір жолы осы деп есептейміз.

Бірақ, әйнектен жасалған нысанда спортшыларға жаттығу қаншалықты ыңғайлы болар екен? Бұл жылыжайда жүргенмен пара-пар ғой дейді Артур Рязапов. Агроном проблеманың жалғыз-ақ шешімін көріп отыр. Ол мемлекеттің болашақ волейбол клубы ғимаратын жеке кәсіпкерден сатып алу қажеттігін айтуда. Осылайша, бизнесменнің шығынын өтеп, кейін демонтаж жасау керек. Қалай дегенмен мәселе / жасы 100-200-ден асқан тропикалық өсімдік пен ағаштары бар / Қазақстандағы жалғыз ботаникалық бақтың тағдырына қатысты. Оранжерея 90-шы жылдары, яғни су, жарық пен жылу болмаған қиын-қыстау кезеңдерді де еңсерген еді ғой…

Эльмира Садвокасова