Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда кембағал балаларды оқытуға арналған кабинет ашылды

“Жүрек жылуы”. Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға арналған кабинет ашылды. Бүгіннен бастап  тәжірибелі педагогтар  тірек-қимылы және сөйлеу қабілеті бұзылған жеткіншектерге  тегін сабақ беретін болады. Мұндай бастама өңірде алғаш рет қолға алынып отыр.

Қолдарына қалам ұстап сурет салып отырған балалар «Солнечный дом» қоғамдық қорына мүшелік етеді. Жасөспірімдердің қуанышында шек жоқ екені бал-бұл жайнаған жүздерінен көрініп-ақ тұр. Қуанатын себеп бар, әрине. Бүгін мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған кабинет ашылды.

Анастасия Швец – «Солнечный дом» қоғамдық қорының директоры:

– Биылғы жыл біздің қоғамға мүшелік ететін балалар үшін де қиын болды. Себебі, карантин жарияланған күннен бастап жарты жыл үйде болды. Бұл уақытта олар жаңа дүниелерді үйрене алмай, дамуы тоқтады деп айтуға болады. Сабақтардың өткізілуіне рұқсат берілгенімен жалдамалы жерде аптасына 1-ақ рет кездесіп жүрген күндер болды. Енді бәрі өзгерді.

Кабинетте жеткіншектерге арналып тиісті жағдайдың барлығы жасалған. Жалпы, бұл идеяны жергілікті НЗМ-нің физика пәні мұғалімі Дина Құдабаева жүзеге асырған екен.

Дина Құдабаева – Химия-биология бағытындағы НЗМ физика пәні мұғалімі:

– Өкінішке қарай, қалада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дәл осындай кабинет жоқ. Сондықтан, мен «Жыл мұғалімі» атты әлемдік байқаудан жеңіп алған қаражатымды осында жұмсадым. Сабақтар үшін ақша алынбайды. Барлығы тегін жүргізіледі.

Мұнда балалар тек сурет салып, жаттығу жасап қана қоймайды, түрлі үйірмелерге қатысады. Сабақ оқып, білімін арттырады. Психолог мамандармен де тілдесетін болады. Кабинетте Даун синдромына шалдыққан, сөйлеу қабілетінде кемістігі бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар оқиды.

Ғалия Баязитова – психолог:

– Ең біріншіден ондай балаларға диагноздарының ерекшеліктеріне қарай жаттығу түрлері, түзету бағыттары қолданылады. Даун синдромымен ауыратын балаларға ерекше махаббат көрсету керек. Тапсырмаларды қызықтырып беру қажет.

Мамандар бұл мәселені де жан-жақты қарастырған. Балаларға тек тәжірибесі мол мұғалімдер ғана емес, студенттер де сабақ беретін болады. Бұл қыз-жігіттер олардың дамып, еркін ойлауына көмектесетін көрінеді.

Күләш Шәмшідинова – Химия-биология бағытындағы НЗМ дербес білім беру ұйымының төрайымы

– Біздің мұғалімдеріміз волонтер ретінде жұмыс істейді. Еріктілер қатарына жергілікті университеттің студенттерін де тартатын боламыз.

Өңірде 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 3 мыңнан асады.

Маржан Қасымбек