Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қасқыр ішік табыс етілді

Әр түрлі

21:59 24 Желтоксан 2020

70 жылдық тарихы бар. Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткен ғасырда қасқырдың терісінен тігілген ішік табыс етілді. Құнды дүниенің әзірлену барысы да ерекше. Ол малмамен иленген екен. Отбасылық жәдігер  Қазақстанның құрметті журналисі Амандық Жантеміровтың әкесіне тиесілі болыпты.

 

Шағын келген ішіктің үлкен оқиғасы бар. 1953 жыл, 5-ші наурыз.
Амандық Жантеміров 9 жаста болған екен. Сол күні Жамбыл ауданындағы Қарақамыс ауылында тұратын Жантеміровтердің үйінің алдына дәу қасқыр келеді. Келеді де қораға кіріп кетеді. Ит үргенін естіген үй ішіндегілер сыртқа шықса, қос жануар бір-біріне ырылдасып тұр екен.

Амандық Жантеміров – Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері:

 

– Қайдан қолына түскенін білмеймін, әкем сыпырғышты алып қасқырдың аузына салып жіберді. Сосын маған айырды алып қасқырдың мойнына сұқ деп айтты. Мен баламын, бірнеше рет талпындым күшім келмеді. Содан әкем келіп қолымнан айырды жұлып алып, қасқырдың мойнына сұқты.

Кеңес үкіметі кезінде де дәл бүгінгідей қасқырды қағып алғаны үшін жаза қатаң болыпты. Сондықтан, Амандық Жантеміровтың әкесі теріні сандықтың ішіне жасырып қояды. 20 жыл өткен соң қасқырдың тағы 3 терісін сатып алып, мына ішікті тіккен екен.

Амандық Жантеміров – Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР мәдениет қайраткері:

 

– Әкемізге мына ішікті тіктіргенбіз. Көз жұмарының алдында ішікті маған қалдырды. Белім ауыратын, қасқырдың емдік қасиеті бар деп берді.

Талай жыл өтсе де қасқыр ішік жақсы сақталыпты. Амандық Жантеміров бұл құнды дүниені бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыс етті. Онымен қоса, еліміздің құрметті журналисі қызмет етіп жүрген кезінде қолданған фотожарқылы мен фотоаппаратын және қаламынан туған 2 кітабын берді.

Маржан Қасымбек

Бұдан әрі оқыңыз

2006-шы жылғы үлгідегі банкноталарды алмастыру мерзімі ұзартылды
СҚО-да биыл 13 радиотелевизиялық станция іске қосылды
Петропавлда мереке күндері 50 сәби дүниеге келді
Тауарды аларда неге мән берген жөн