МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар қала тұрғындарымен кездесті

Медицинаны дамыту. Бұл – “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі. Жерлестерімізге өңірдегі денсаулық сақтау саласын жетілдіру жоспарын баян ету үшін нұротандықтар Жұмабаев көшесінің бойында орналасқан 101-ші үйдің тұрғындарымен жүздесті. Мұндағы ағайынды бірнеше мәселе алаңдатады. Соның бірі – тар бейінді мамандардың тапшылығы.

Владимир Щукин – қала тұрғыны:


–  Тар бейінді маманның көмегіне жүгіну үшін кезекте 6 сағаттай күту керек. Мұндай жағдай менің өмірімде болды. Анықтама бұрышына келгенде: “Бізде тек бір маман, басқа дәрігер жоқ” деп айтады. Амал жоқ күтуге тура келеді. Мәселе реттелсе екен дейміз.

Айтылған сөздің жаны бар. Партия өкілдері өлкедегі ауруханаларда кадр тапшылығы мәселесі бар екендігін мойындап отыр. “Алайда, бұл проблеманы шешу үшін бүгінде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр дейді”,- нұротандықтар. Мәселен, 2 жыл бұрын жергілікті университетте “Жоғары медицина мектебі” ашылып, дәрігерлерді дайындау ісі басталды. Одан бөлек, келесі жылы өңірге өзге аймақтардан 108 маман тарту жоспарланып отыр.

Біржан Жалғасбаев – облыстық мәслихат депуттағына “Nur Otan” партиясы атынан үміткер:

– Жыл сайын Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалаларындағы медициналық академиялармен келісімшарт жасалады. Осы орайда қазан айында болған мәслихат сессиясында сырттан шақырылатын мамандар үшін жағдай жасау жайлы сөз қозғалды. Үй мәселесі, үстемақы мен жалақы мәселесін тұрақтандырып, көңілінен шығатындай ету керек.

Үгіт-насихат жұмыстары кезінде Біржан Жалғасбаев ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға да тоқталды. Бірінше кезекте өзінің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген су, жылу және интернет мәселесін шешу жайын ортаға салды. Ал облыстық мәслихат депуттағына тағы бір үміткер Ирина Эктова облысымызда спорт саласын дамыту бойынша жоспарларымен бөлісті.

Бисенова Жанна