Ерiктiлер

Ардақты ардагерлердің игі істері

Ардақты ардагерлердің игі істері. Биылғы Еріктілер жылында  облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан «Серебряные волонтеры» деген атаумен топ құрылған болатын. 16 адам мүшелік ететін топтың мақсаты – мұқтаж жандарға жәрдемдесу. Бүгін  ардагерлер  кезекті шара ұйымдастырып, көпбалалы отбасы балаларына  жаңажылдық сыйлықтар берді.

Шырша алдында балғындардың жазған хаттары мен оларға арналған сыйлықтар жатыр. “Серебряные волонтеры” ұйымының өкілдері осы жатқан хаттарды оқып, балалардың тілектерін орындауға тырысуда. Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының оқушысы Жансая Саттар да өзінің арман-тілегін білдірген екен.

Жансая Саттар – оқушы:


–  Мен Аяз атаға хат жазған болатынмын. Аяз ата сол хатымды оқып, тілегімді орындады. Көп рахмет. Қуанышымда шек жоқ. Ата-әжелеріме қуаныш, денсаулық, бақытты өмір тілеймін.

Ардагерлер бұнымен тоқтап қалмақ емес, олар тағы 7 балаға сыйлық таратпақ. Ұйым төрағасы Ескендір Елеусізовтің айтуынша “Серебряные волонтеры” тобы Еріктілер жылымен тыйылмайды.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, ел Президенті биылғы жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Еріктілер деген сөз – әр адам өзінің жан қалауымен жақынына жәрдемдесу, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Осы жұмыстан облыстық ардагерлер кеңесі сырт қалып кете алмадық. Ардагерлер кеңесінің жанынан ардагерлерден тұратын “Серебряные волонтеры” еріктілер тобын құрдық.

Қазіргі таңда бұл еріктілер тобына 16 ардагер мүшелік етеді. Барлығы да зейнет жасындағы адамдар. Балалардың шынайы қуанышын көріп аға буын өкілдері бір марқайып қалды.

Алдияр Айтпаев