Балалар

24 оқушыға Президенттік сыйлықтар берілді

Үздік оқушыға – үздік сыйлықтар. Петропавлдық 20-дан астам жеткіншекке Президент жолдаған тарту табыс етілді. Елордадан жеткен сыйлықтарды Аяз ата мен Ақшақар  үйлерді аралап жүріп таратты.

 

13 жасар Мәдина Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде 7-ші сыныпта оқиды. Үздік шәкірттердің бірі. Мектеп өміріне белсенді ат салысып тұрады. Бүгін алғыр оқушыны Жаңа жыл қарсаңында құттықтау үшін мектеп ұжымы Аяз ата мен Ақшақарды ертіп, үйіне келді.

Аяз ата мен Ақшақардың келгеніне Мәдинадан бөлек, сіңлісі мен 2 інісі де қатты қуанып, мәре-сәре болды. Оқуда озат Мәдинаға планшет сыйға тартылды. Ал бауырларына тәтті сыйлықтан таратылды.

Мәдина Шамшуменова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Мен оқуда үздікпін, өте тырыстым. Еңбегімнің арқасында жақсы сыйлықтарға ие болып отырмын. Өте қуаныштымын. Мен планшетпен сабақ оқып, ғаламтордан мәлімет алатын боламын. Кішкентай інілеріме мультфильм көрсетіп отырамын.

Мәдинаның айтуынша, мектеп тарапынан мұндай бағалы сыйлыққа алғаш рет ие болып отыр. Бұл – жетістіктері үшін марапат, яғни әпкелері – бауырларына да үлгі көрсетуде.
Жалпы, дәл осындай планшетке бүгін мектептің тағы бір үздік оқушысы ие болды.

Светлана Абжанова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі
директорының орынбасары:

– Бізде 42 оқушы аз қамтылған, көпбалалы, АӘК алатын отбасылардан шыққан. Мектепте 967 оқушы болса, оның 42-ісі осы тізімде тұр. Соның ішінде Мәдина және Жансая деген оқушыға бүгінгі күні Президенттің сыйлығын апарып беріп отырмыз.

Президент сыйлығы қала бойынша 24 оқушыға табысталып отыр.
Оның ішінде планшеттен бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты мен арнайы жолдаған кітабы бар екен.

Жанна Бисенова