Ауыл шаруашылығыҚұқық қорғау органдары

Өзі басшылық ететін серіктестіктің астығын ұрламақ болған

Өзінікін өзі ұрламақ болған. Жамбыл ауданында астық қабылдайтын кәсіпорын басшысы ұрлық үстінде ұсталды. Ол 300 тоннаға жуық өнімді камаздарға артып, жөнелтпекші болған.

Заңбұзушылық желтоқсанның 12-сінен 13-іне қараған түні орын алған. Ешкімнің көзіне түспес үшін серіктестік басшысы қараңғы уақытта Преснов астық қабылдау пунктіне келіп, өнімді ұрлауға кіріседі. Пысықай ырыздықты бір емес, 8 бірдей “КамАЗ” автокөлігіне тиемекші болады. Алайда, ойлағаны жүзеге аспады. Жүк көліктерін сол маңнан өтіп бара жатқан полицейлер байқап қалыпты.

Күдікті аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал ол жымқырмақшы болған астық серіктестіктің басқа иесіне қайтарылды. Қазір аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Келтірілген шығын көлемі 23 млн теңгені құрайды. Бұл кәсіпорында орын алып отырған алғашқы заң бұзушылық емес. Желтоқсан айының басында да осыған ұқсас факті тіркеліпті. Серіктестіктің қоймасынан 190 тонна астық ұрланып, Ақмола облысына жөнелтіліп жіберілген.

Асан Мейрамов – Жамбыл аудандық ПБ бөлім бастығы:

 – Тергеу әрекеттері барысында ұрланған өнімді сату орны анықталды. Күдіктінің үйінен конверттерге салынған ақшалай қаражат алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәркіленген «КамАЗ» автокөліктері мен құжаттама да тексерілуде.

Жалпы, өңірімізде жыл басынан бері астық ұрлауға қатысты 20-дан астам факті тіркеліпті.

 

 

Маржан Касымбек