Денсаулық сақтауҚоғам

Жалған жарнама

Желіні жаулаған жарнама: қайсысы рас, қайсысы жалған? Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубовая қазір осындай “жұмбақ” хабарламалар көбейіп кетті дейді. Әсіресе, дерттен құлан-таза айықтыратын дәрі ұсыну жиілеген. Сондай жарнамалардың бірі – желіні шулатқан “Кардитонус” дәрісі жайлы.

Техника дамыған заманда ғаламтор арқылы алаяқтық жасаушылардың қатары көбейді. Олар әлеуметтік желінің тілін жетік меңгеріп алып, қашықтықтан сенімді түрде тілдесіп, өзге жандарды сан соқтырады. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубовая жуырда интернетте “Кардитонус” деп аталатын препарат жайлы мәліметке кезігіпті. Онда: “Бұл бүкіл әлемде адамның жүрек-қантамыр жүйесін реттеп, құлан-таза емдей алатын жалғыз дәрі”, – деп жазылған екен. 50 мың теңге тұратын дәріні Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың есебінен тегін таратамыз деп те көрсетіліпті.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Мен мұны оқығаннан кейін бір шикіліктің барын бірден түсіндім. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығына хабарласып, “Препарат жайлы жазылған мәлімет шындыққа жанаса ма, жоқ па?” деп сұрадым. Ондағы қызметкерлер бұның жалған ақпарат екенін айтты және сайтта көрсетілген мамандар орталықта мүлдем жұмыс істемейтін болып шықты.

Надежда Дубовая мұндай препараттың біздің өңірде бар-жоғына көз жеткізу үшін жергілікті құзырлы орган мен “СК-Фармация” серіктестігінің филиалына хабарласады.

Бірақ, ешбір жерден мардымды жауап айтылмады. Бірі тұтқаны көтермесе, енді бірі жауап беруден жалтарды. Ақыры мән-жай белгілі болды. Интернетте жарнамаланған дәрі облыс аумағында сатылмайды.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Бұл дәрі жарнамасын көріп, шынымен де сеніп қалуға болады. Әсіресе, қан қысымы бар адамдар ақпаратқа алданып қалулары мүмкін. Интернетте бұл препарат құлан-таза айықтырады деп көрсетіліпті. Бұл – жалған ақпарат.

“Кардитонус” деп аталған дәрінің интернетте жазылғандай ғажайып қасиеттері жоқ екенін түсіндік. Дегенмен, бұған нақтырақ көз жеткізу үшін жергілікті дәрігерлерден сұрауды жөн көрдік.

Михаил Телюк – облыстық көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогының бөлімше меңгерушісі:

– “Кардитонус” мүлдем дәрілік препаратқа жатпайды. Оның қандай зат екені әлі белгісіз. Жалған сайтта: “Дәріні кез келген уақытта қабылдауға болады және ешқандай кері әсері жоқ” деп жазылған. Бәрімізге белгілі, кез келген сапалы деген дәрілік препараттың өзі адам денсаулығына кері әсерін береді. Сондықтан, барша жанға ондай ғажайып дүниенің бары шындыққа жанаспайтын ақпар дегім келеді. Және белгісіз дәрілерді дәрігердің нұсқауынсыз қабылдамауды сұраймын.

Жыл басынан бері облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығына тұрғындар тарапынан 200-ден астам өтініш келіп түскен. Оның 10-ға жуығы медициналық қызмет сапасына қатысты.

 

Казиканова Алтынай