Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданындағы Вознесенка селосына су құбыры тартылды

Қызылжар ауданындағы Вознесенка селосына тіршілік нәрі тартылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 28 млн теңге жұмсалған. Биыл, сондай-ақ, 3 ауылға су станциясы орнатылыпты. Келер жылы ауданда тағы 15 елді мекенді таза тіршілік нәрімен қамту көзделіп отыр.

Вознесенка селосының тұрғыны Татьяна Синичкина жазда орталықтандырылған су желісіне қосылды. Содан бері үй шаруасын еш қиындықсыз тындыратын болған. Ал бұрын ыдыс-аяқ пен кір жуу үшін бағанадан шелектеп су тасыпты. Оның өзі машақат еді. Бағаналар қыста жиі қатып, жазда жиі сыныпты. 2018-де елді мекенде станция салынып, өзекті мәселе шешімін тапты. Ал биыл тіршілік нәрін баспананың ішіне дейін тартқысы келетін жандар үшін жер астынан құбыр өткізілді.

Татьяна Синичкина – Вознесенка селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ауыл тұрғындарының басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Бұрын біздерге тіршілік нәрін үйге дейін жеткізу қиын болатын. Әсіресе, бақшадағы өсімдіктерді суару үшін жарты күн уақытымызды жұмсайтынбыз. Оның үстіне бағаналардан алынған су денсаулыққа өте зиянды еді. Ал бүгінгі таңда бәрі өзгерді. Қаладағыдай өмір сүріп жатырмыз.

Су құбыры Татьяна Синичкина тұратын баспананың жанына дейін тегін өткізілген. Ал ішке кіргізу үшін құбырдың әр метрі үшін 4 мың теңгеден ақша төлепті. Мұндай мүмкіндікті ауылдағы ағайынның басым бөлігі пайдаланған екен.

Валерий Тихий – Якорь ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Биыл ауылдағы ағайының өтінішіне сәйкес, 26 баспанаға тіршілік көзі жетті. Қалған 14 шаңырақта тұратын жерлестеріміз суды станцияға келіп алуда. Алдағы жылы бұл жандардың үйіне де құбыр тартылмақ.

Жалпы ауылдағы су станциясын салуға републикалық бюджеттен 96 млн теңге қаржы жұмсалыпты.

Асқар Тілеубаев – «Нұра топтық су құбыры» РМК “Есіл су” филиалы Соколов өндірістік учаскесінің бастығы:

– Ауыл ішіне құбыр өткізу бойынша жүргізілген шаруаға 28 млн теңге жұмсалды. Құбыр үйдің есігіне дейін тегін тартылады. Ал адамдар баспананың ішіне кіргізу үшін шамамен 26 мың теңге төлейді.

Су мәселесі шешімін тапты. Тұрғындардың ендігі арманы – қалаға апаратын жолды жөндету. Жалпы алдағы жылы Қызылжар ауданындағы тағы 15 елді мекенге су құбыры тартылмақ. Бүгінде оның 3-уінде су станциясы салынған екен. Ауқымды шаруаны тындыруға ел қазынасынан шамамен 7 млрд теңге қарастырылыпты.

 

 

 

 

Маржан Касымбек