Өнеркәсіп

Петропавлда жұмсақ контейнерлер шығаратын зауыт ашылды

Бүгін Петропавлда жұмсақ контейнерлер шығаратын зауыт ашылды. Бұған дейін «SMBGROUP Family» серіктестігі қап тігумен тек сынамалы түрде айналысқан. Осы уақытта тауар тұтынушылар тарапынан оң бағасын алып, кәсіпорын бірнеше компаниямен келісім шарт жасап үлгерген екен. Қазір серіктестікте 200-ге жуық адам еңбек етеді.

Жұмсақ контейнерлерді жасауға арналған мына аппақ жіптер бір қарағанда өте нәзік болып көрінуі мүмкін. Бірақ, полипропилен түрлі қоспалармен араласқан кезде берік материалға айналады. Қап жасайтын шикізат ТМД елдерінен сатып алынады, ал кейбір компоненттер өзге мемлекеттерден жеткізіледі.

Владислав Пустовалов, «SMBGROUP Family» ЖШС аға экструдер жүргізушісі:

– Есептеу мен белгілі бір формуланы жазып, таспаның ені мен тығыздығын есептеп шығаруға болады. Бұл құрылғы Тайваньнан әкелінді. Ешқандай ақауы жоқ, жақсы ойлап табылған машина. Мұнда тач-панель мен сенсорлы экран арқылы жіптің параметрлерін енгізу жеңіл түрде жүзеге асырылады.

«SMBGROUP Family» серіктестігі бірегей жобаны іске қосу үшін 600 млн теңге жұмсаған. Одан бөлек мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілген. Қомақты қаражатқа бірнеше елден заманауи қондырғылар сатып алынды. Биг бэгтер, слинг бэгтер мен вагондық ішпектер. Аталған дүниелердің барлығы енді осы жерде шығарылатын болады. Бұған дейін зауыт тек сынамалы түрде қап тіккен болатын. Осы уақытта іргелі кәсіпорын бірнеше тапсырыс берушімен келісім шарт жасасып үлгерген екен.

Мұқан Садуов – «SMBGROUP Family» ЖШС құрылтайшысы:

– 4 млрд мы вполне готовы освоить только на биг бегах, плюс вагонные вкладыши. Увеличить рабочие места на 100 человек, еще готовы набрать персонал. Соответственно, это увеличение и налоговых вложений и усиление СКО.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сегодня работает 180 человек?

Мұкан Садуов – «SMBGROUP Family» ЖШС құрылтайшысы:
– Да все верно.

Серіктестік басшысы жұмысшыларына лайықты жалақы төлеп, қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын жасаймыз дейді. Машинистер, тігіншілер, тоқушылар мен баспа операторлары. Нартай Құрманаев жұмсақ контейнерлердің сыртына жазу және сурет басумен айналысады.

Нартай Құрманаев – «SMBGROUP Family» ЖШС аға баспа операторы:

– Жұмысымыз өте қызықты. Түрлі түсті бояуларды қолданып қаптардың бетіне сурет басамыз.

Солтүстік Қазақстанда жасалатын жұмсақ контейнерлерге жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері мен құрылысшылар қызығушылық танытып отыр. Одан бөлек басқа да отандық компаниялар тапсырыс бермекші екен. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, жаңа жобаларды қолға алмақшы. Мәселен, сусымалы заттарға арналған крафт-қаптарды шығарғымыз келеді дейді мамандар. Айтуларынша Қазақстанда оны ешкім жасамайтын көрінеді.

Мұқан Садуов – «SMBGROUP Family» ЖШС құрылтайшысы:

– Крафт-қаптарын өндіруге арналған қондырғыны неміс компаниясынан сатып алатын боламыз. Қазіргі күні олармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бағасы шамамен 7,5 млн евроны құрамақ. Заманауи қондырғы айына 6,5 млн крафт-қабын шығаруға қауқарлы.

Алға қойылған жоспар ауқымды. Межеге қол жеткізуге серіктестік толығымен дайын. Осылайша жаңа зауыт өңіріміздегі болашағы зор кәсіпорындардың біріне айналуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жаңа фабрикалар мен зауыттар ашып, аймағымыздың экономикасын әртараптандырамыз. Соңғы жылдары жаңа металл-пластик шығаратын зауыт, тұрмыстық-химия фабрикасын, термос вагондарын жасайтын зауытты аштық. Жақында фанера шығаратын фабрика мен трансформатор зауыты ашылады.

Иә, мемлекеттік қолдаудың аясында іске қосылатын бұл кәсіпорындардың барлығы Солтүстік Қазақстан облысының экономикасын жаңа сатыға көтеруге септеспек.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан