МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар шығармашыл жандармен кездесті

Нұротандықтар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолы еліміздің жетекші партиясынан қалалық және облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер өңірдің шығармашыл жандарымен кездесу өткізді. Жүздесу барысында кандидаттар өткен жылды қорытындылап, алдағы 5 жылда атқарылатын жұмысты таныстырды. Сондай-ақ, әр үміткер өзінің саласына қатысты сайлауалды бағдарламасын ортаға салды. Соның бірі – қоғамдық көліктердің жұмысын оңтайландыру.

Галина Семенова – қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Қазір автобустарға электронды билеттеу жүйесін енгізудеміз. Жолақы сол қалпында қала бермек. Бұл жұмыстар келер жылдың қаңтарына дейін жалғасады. Сондай-ақ, 2021-де автопарк 100 су жаңа қоғамдық көлікпен толығады. Осылайша қаладағы автобустардың 50 пайызы жаңарады.

Сондай-ақ, жиын барысында қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер Владимир Витченко да сөз алды. Ол өлкедегі спорт саласына тоқталып өтті. Сөзінше, спортпен бүгінде өңір халқының тек 30%-ы ғана айналысады. Көрсеткішті арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау керек. Яғни, аймақта жаңа спорт кешендерінің санын арттыру қажет.

Владимир Витченко – қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Егер бұрын аулаларға тек футбол алаңы салынып, тренажерлар ғана қойылса, қазір кешенді спорт алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Ауылдағы ағайынға да спортпен шұғылдану үшін жағдай жасалмақ. Елді мекендерде көпбейінді спорт алаңдары салынады.

Владимир Витченко облыс орталығында тағы бір жаңа спорт сарайы салынатындығын атап өтті. Нысан Уәлиханов көшесінің бойындағы жеке секторда пайда болмақ.

 

 

Ешкенова Дана