МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар Қиялы ауылының тұрғындарымен кездесті

Бұл – Аққайың ауданына қарасты Қиялы ауылы. Елді мекенде 1800-ден астам адам тұрады. Мұндағы басты мәселе – жұмыссыздық. Қазір жергілікті жастардың дені ауылда екі қолға бір күрек таппай, орталықтарға көшіп жатыр екен. Толғандырған проблеманы тұрғындар үгіт-насихат жұмыстарымен келген нұротандықтарға баян етті.

Айсұлу Мусина – Қиялы ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Менің 21 жастағы балам бар. Ол ауылда тұрып, осында еңбек еткісі келеді. Өкінішке қарай, мұнда жастар үшін жұмыс жоқ. Жалақы мәселесіне де тоқтала кетсем деймін. Өзім ауыл шаруашылығы саласында тер төгемін. Жалақы тұрақты түрде төленгенімен, тапқан ақшамыз азық-түліктен артылмайды. Тауарлар мен дәрі-дәрмектің бағасына да назар салуды сұраймын. Қажетті дүниелердің құны шарықтап кетті.

Ауылдағы ағайын үшін жол мәселесі де өзекті болып тұр. Смирново селосынан Қиялыға дейінгі асфальттің әбден тозығы жетіп, көлік жүргізушілерінің жүйкесін жұқартқан екен. Көшерлерге жарық шамдарын да қою қажет. Толғандырған сұрақтар шешілмейді емес, біртіндеп шешіліп жатыр. Мәселен, биыл елді мекенге көптен күткен таза ауыз су жетіпті.

Татьяна Иванова – Қиялы ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Алдағы уақытта Мәдениет үйі де қолданысқа беріледі әрі бізде қоныс аударушылардың саны артып келеді. Олар үшін жаңа баспаналар тұрғызылуда. Осыдан ауылымыздың біртіндеп дамып жатқандығын ұғынамыз. Дегенмен, әлі де шешімін таппаған мәселелер баршылық. Осыны болашақ халық қалаулылары ескеріп, сөз емес, іс жүзінде жүзеге асырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қиялыдағы өзекті проблемаларды Аққайың аудандық мәслихаты депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер Максим Ельцов жақсы біледі. Себебі, азамат дәл осы елді мекенде туып-өскен. Ауылдастарының әл-ауқатын жақсартып, ауылын көркейткісі келеді.

Максим Ельцов – Аққайың аудандық мәслихаты депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Қиялы ауылдық округін көркейтіп, ауылдастарымның жағдайын жақсарту – мен үшін басты мақсат. Сондықтан «Nur Otan» партиясы атынан сайлауға түскелі отырмын. Бүгінгі таңда елді мекендерді аралап, бас партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүрміз. Онда тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту жағы жан-жақты қарастырылған.

Халық қалаулысы атануға ниетті Максим Ельцов ауылдарды аралауды жалғастырмақ. Ол өз сөзінде селолардағы проблемалармен жіті танысқысы келетіндігін жеткізді.

 

 

 

 

Ешкенова Дана