МТРА жаңалықтары

Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі атауын өзгертті

“Отбасы банк”. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өзінің ресми атауын өзгертті. Бірақ, уақытынан бұрын уайымдаудың қажеті жоқ. Салымшылар ешқандай құжат ауыстырмайды, керісінше банк көрсететін қызметтердің саны артпақ.

Отбасы банкі отбасылардың арманын орындайды дейді қала тұрғыны Роза Құрманғожина. Нәзікжанды алғаш рет өз атына депозитті 2006 жылы ашып, ай сайын азын-аулақ ақша салып отырған. Ал табысы өскен сайын жарна көлемін де арттырған. Бірнеше жылдық еңбегінің арқасында нәзікжанды 2013 жылы 1 бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, оны отау құрған ұлына сыйға тартыпты.

Роза Құрманғожина – қала тұрғыны:

– Қазіргі менің жоспарым – 3 бөлмелі пәтер алу. Депозитті жапқасын, басқа депозит аштым. Ай сайын шамам келгенше ақша салып отырамын. Жылдың соңы келгендіктен, мемлекеттік сыйақы алу үшін келдім. Өте қуаныштымын.

Дәл қазір Роза Құрманғожинаның атында 3 бірдей депозит бар. Біреуі өзінікі, қалған екеуі 3 және 5 жасар немерелерінікі. Қала тұрғыны балалар 18 жасқа толғанда өздеріне пәтер рәсімдей алатын жағдайға жетеді дейді. Ал 1700-ден аса жерлесіміз болса биыл өз армандарына біртабан жақындаған. Яғни, солтүстікқазақстандықтар банктен займ алып, су жаңа баспана, қайталама нарықтағы үй немесе жер учаскесін рәсімдеген. Жалпы, қаржы институтының жергілікті филиалында бүгінде 48 мың салымшы бар. Құтты қоныс тойын тойлаймын деген жандар барлығы 25,6 млрд теңге қаражат жинапты. 2020 жылды банк жағымды жаңалықтар және жақсы өзгерістермен тәмамдауда.

Назерке Ғалым – “Отбасы Банк” АҚ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– Ағымдағы жылдың 20-шы желтоқсанынан бастап ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ өз атауын “Отбасы банк” АҚ деп өзгертті.

Себебі, банк атауының өзгеруіне сәйкес, еш ыңғайсыздық туындамайды. Яғни, құжаттар мен келісім-шарттарды қайта рәсімдеудің қажеті жоқ. Керісінше қаржы институтының қызметі мен құзыреттілігі 2021 жылдан бастап арта түспек. Мәселен, Отбасы банкі енді әлеуметтік осал топ өкілдерімен де жұмыс істейтін болады.

Назерке Ғалым – “Отбасы Банк” АҚ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– Банк болашақта “бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, баспана кезегіне тұру үшін біздің банкке келу қажет. Бұрын ол үшін тұрғындар бірінші ХҚКО, кейін әкімдікке баратын. Көп құжат жинап, уақыт жоғалтатын. Бір терезе қағидаты енгізілгеннен кейін жұмыс жеңілдейді деген ойдамыз.

Өзгерістермен қатар, бұрынғы бағдарламалар мен жобалар да жұмысын жалғастырады. Мәселен, Жаңа жыл жақындап келеді, бұл жылдық мемлекеттік сыйақыны алу үшін таптырмас мүмкіндік деген сөз. Ол 2020-да жиналған ақшаның 20 пайызынан есептелінеді. Айта кету керек, қосымша ақының максималды көлемі – 111 мың теңге. Ол биыл шотына 555 мыңды аударған жандарға төленеді.

 

Эльмира Садвокасова