Мәдениет

Петропавлдағы №1 өнер мектебіне – 75 жыл

Облыс орталығындағы №1 өнер мектебіне 75 жыл толды. Білім ошағында музыка, бейнелеу өнері мен бидің қыр-сырын 130-ға жақын жеткіншек меңгеріп жүр. Өткен ғасырдың орта тұсында ашылған өнер мектебінен бүгінге дейін 3 жарым мыңға жуық түлек түлеп ұшқан.

Диас Садықов – №1 өнер мектебінің беткеұстар оқушыларының бірі. Ол қазір сазгер Ермұрат Үсеновтың “Кербез сұлу” атты шығармасын орындауда. Жеткіншек осы білім ұясына 7 жасында келіп, қазақтың қара домбырасының қыр-сырын үйреніпті. Арманы – әлемдік сахнада өнер көрсету. Мақсатына жету үшін жас жерлесіміз бүгінде тынымсыз еңбек етіп жүр екен. Жеткен жетістіктері де аз емес.

Диас Садықов – №1 өнер мектебінің оқушысы:

– Мен 2017 жылы Көкшетау қаласында өткен халықаралық сайысқа қатысып, 3-ші орынға ие болдым. Мен домбыра сыныбында 7 жыл оқимын. Осы жылы бітіремін. Домбырада ойнау маған ұнайды, себебі оның дыбыстары өте әдемі.

Ал 13 жастағы Ангелина Аракелова “Жайлауым бақша жайнаған” атты шығарманы орындауда. Талантты қыз өнер мектебінде вокалмен 8 жылдан бері айналысып жүр. Одан бөлек, аккордеон, фортепиано және гитара аспаптарынан өтетін сабақтарға қатысып тұрады. Өнер мектебін биыл тәмамдамақ.

Ангелина Аракелова – №1 өнер мектебінің оқушысы:

 – Репертуарымда 10-нан астам қазақ әні бар. Сіздер тыңдаған Латиф Хамидидің “Жайлауым бақша жайнаған” шығармасы маған ерекше ұнайды. Бұл туындыны мен 1 жарым жылдай орындап жүрмін.

Білім ұясында музыкадан бөлек, бейнелеу өнері мен би сабақтары да өтеді. 1945 жылы ашылған мектеп биыл 75 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт аралығында оқу ошағын 3 жарым мыңға жуық жас өнерпаз тәмамдапты.

Владимир Калганов – №1 өнер мектебінің директоры:

– Біздің мақсатымыз – балалардың өнерге деген сүйіспеншілшігін арттырып, талантын ашу. Мектепте 30-ға жуық білікті маман еңбек етеді. Балалар қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысып тұрады. Әрқайсысы дарынды деп сеніммен айта аламын. Шәкірттеріміз тұрақты түрде республикалық және халықаралық сайыстарда үздіктер қатарынан көрінеді.

Балаларға сапалы білім беру үшін мектепте барлық жағдай жасалған. Кабинеттер сабаққа қажетті дүниелермен жабдықталған. Материалдық-техникалық базаға толығырақ тоқталсақ, нысанда 25 домбыра, 50 баян, 30 фортепиано мен 6 рояль бар. Одан бөлек электро-музыкалық аспаптар да баршылық.

Владимир Калганов – №1 өнер мектебінің директоры:

– Материалдық-техникалық базаны жаңартып және толықтырып отыруға тырысамыз. Одан қалды, нысанның қалпына да тиісті назар аударамыз. Алдағы уақытта ғимарат ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Жалпы, бүгінде №1 өнер мектебінде 130-ға жуық бала білім алуда.

Бисенова Жанна